Жыл қорытындысы: Шығыс Қазақстанда биыл болған басты оқиғалар

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Күні кеше ғана-ақ кіргендей болған Сиыр жылын аяқтап, Барыс жылын бастайық деп отырмыз. Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына енді де кетті. Биыл Шығыс Қазақстанда неше түрлі оқиғалар, сан алуан өзгерістер болғаны рас. Осы орайда өткен жыл бойындағы елеулі оқиғаларға көз жүгіртіп өтпекпіз.

Жұқпалы дертті жеңу үшін

Биыл да коронавирус атты кеселдің әлегі бір сәтке де толастамады. Жыл бойы ақ халаттылар вирус жұқтырғандарды емдеумен болды.

Карантин талаптары бірде қатаңдатылып, бірде жеңілдетіліп отырды. Халыққа вакцина салдыру мақсатындағы жұмыс жолға қойылды.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өңір бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ тұрғындардың 94,3 пайызы екпе алған.

Сондай-ақ америкалық Pfizer вакцинасын салдыру науқаны жүріп жатыр. Бүгінде осы вакцинаны 12-18 жас аралығындағы 100 мыңға жуық бала алды.

Жиырмадағы жігіттің жанкештілігі


Өскеменде зейнеткерді ажалдан құтқарып қалған Артем Боровиков «Мықты адам» медалін иеленді. Оқиға ақпан айының 28-і күні болған.

20 жастағы жігіт түс кезінде үйде жатқан. Кенет есікті қаққан қалыңдығы Вера бейтаныс әженің Ертіс өзенінде ағып бара жатқанын айтып, көмекке шақырды.

Ойланбастан ұмтылған ол суға түсіп, қарт кісіні ұстап алып, ажалдан арашалап қалған.

Осы ерлігі үшін Алтай ауданының тумасы республикалық ADAM BOL AWARDS жобасында 200 үміткердің ішінен оза шауып, 1 млн теңге сыйақы алды.

Тарбағатай мен Түркияны байланыстырды

Тұғыл ауылында 1-сыныпта оқитын Байжігіт есімді балақай Түркия Президентінің назарына ілігіп, арнайы сыйлығын алды. Бұған оның Режеп Тайып Ердоғанға Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдағаны себеп болған.


– Бізді Нұр-Сұлтан қаласында Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Экинджи мырза қабылдады. Ерекше ықылас танытып, шынайы ризашылықтарын жеткізді. Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчудың арнайы хаты, ipad mp3 player және Түркия туы бедерленіп, «Байжігіт» деген жазуы бар алтын білезікті сыйға тартты. Ұлым мектеп бітірген соң Түркиядағы кез келген университетке грантқа оқуға түсе алатындығын, мамандықты өзі таңдайтындығын жеткізді. Түрік тілін меңгерсе сол елде жұмысқа орналасуға көмектесетіндіктерін де айтты. Қуанышымызда шек болмады! Бұлай болатындығы үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген, – деді оқушының әкесі Дулат Байкубенов.

Байжігіт өскенде кәсіпкер болғысы келеді екен. Әкесі Т.Рысқұлов атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі.

Айтып келмеген алапат өрт

Риддер орман шаруашылығында шыққан жалыннан 31 үй қирап, 5 автокөлік, 7 шаруа қожалығы және техникалық қызмет көрсету станциясы жанып кеткен. Тілсіз жау 10 мамыр күні шықты.

Өрт салдарынан 1949 және 1980 жылғы екі ер адамды күйік шалып, жергілікті аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған еді.

Ал тәртіп сақшылары 1948 жылы туған әйелдің мәйітін тапқан. Жалпы аумағы 300 гектардан асқан қызыл жалынмен күрес тек келесі күні аяқталды.


Өрттен мемлекетке келген шығын мөлшері – 252 миллион теңгеден асты. Бұл биыл облыс бойынша болған ең ауқымды өрт.

Өрттің шығуына – отты абайсыз қолдану себеп болған. Тілсіз жаудың салдарынан баспанасынан айырылған әр отбасыға облыс әкімдігі тарапынан жаңа үйлердің кілті берілді.


Шетелдіктерді таңқалдырған көрме

Биыл Ұлыбританияның Лондон қаласында музейге қойылған Шығыс Қазақстан облысының «Ұлы дала алтыны» көрмесі көптің көңілінен шықты.

Фото 6

– Ел тарихының жаңа беттерін ашатын көрме әлемдік ғылыми қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын тудырған. Экспозиция Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау үшін қазір Лондондағы Фицуильям мұражайында ұсынылды. Бұл аймақтағы археологиялық зерттеулердің өңірлік бағдарламасын іске асырудың арқасында мүмкін болып отыр. Бірнеше нысандардағы қазба жұмыстарына біздің белгілі археологтар ғана емес, ежелгі сақ дәуірінің мұрасына куә болуға ниеттенген басқа елдердің студенттері де қатысты. Табылған заттар металдарды өңдеу туралы білімдері бар және теңдессіз зергерлік шеберлікке ие болған көшпенділер өркениеті деңгейінің өте жоғары болғандығын аңғартады, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Президент пәрмен берді

Күршім ауданындағы Қалжыр өзенін алтын өндірушілердің ластап жатқаны жайлы ақпарат барлық БАҚ-пен әлеуметтік желілерде тарап, көптің қызу талқысына түсті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді.


Сөйтіп ШҚО Экология департаменті уәкілетті органмен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 28-30 қыркүйек аралығында Күршім және Қыстау-Күршім өзендерінің ластану фактісі бойынша «Визол» Геологиялық барлау компаниясы» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізді.

- Тексеру барысында кәсіпорынды жауапкершілікке тартуға негіз болатындай Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес келмейтін бірқатар олқылық анықталды. Осылайша, технологиялық су жинақтағыштардың тоғанынан судың жер бедеріне асып кетуі және Қыстау-Күршім өзеніне құятын тұндырғыштан су ағызу фактілері анықталды. Нәтижесінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 328-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды, - делінген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан хабарламада.

Шетелдікінен еш кем емес

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жатыр мойны обырын кешенді диагностикалауға арналған ерітінді жасап шығарды. Бұрын бұл сұйықтық елімізге Оңтүстік Кореядан алынып келген. Сапасы шетелдікінен кем түспейтін отандық ерітінді медициналық шығындарды азайта түсетіндігі сөзсіз.


Жоба жетекшісі Сана Қанатбекқызының айтуынша, бұл зерттеуді жергілікті сауықтыру орталықтарының бірінің атқарушы директорының тапсырысымен осыдан 5 жыл бұрын бастаған.

– Осы ерітіндінің маңызы өте жоғары. Кез келген талдаудан толыққанды нәтиже алу - сұйықтықтың сапасына тікелей байланысты. Ерітінді қатерлі ісікті диагностикалаудың ең негізгі құралы десек артық айтқандық емес. Бір ғажабы, біз дайындап көрген тұрақтандырушы ерітіндінің алғашқы құрамы бірден жақсы нәтиже көрсетті. Асығымыз алшысынан түсті деген осы. Әйтпесе биоматериалдар үшін тұрақтандыратын ерітіндінің оңтайлы құрамына жету – зерттеушіден қажырлы қайрат пен ауыр еңбекті қажет етеді, – деді ол.

Жобаның сәтті шығуына С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла, аталған білім ордасының түлегі Есбол Шаймардан мол еңбек сіңірді. Шығыс Қазақстан университеті ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдана Имашева бұл тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Өскемендегі №11 мектептің 11 сынып оқушысы Карина Абакумова ерітіндіге қатысты ғылыми жоба жасап, оны облыстық деңгейдегі конкурсқа ұсынып, 1 орын иеленді.

Тәуелсіздік монументі тұғырға қонды

Өскеменде ел егемендігінің 30 жылдығы аясында Тәуелсіздік монументі бой көтерді. Оның биіктігі – 15,7 м, диаметрі – 10,9 м. Төбесінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібектің мүсіндері, төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бейнеленген барельеф орнатылған.


Монументтің орталық бөлігінде үш жоғарғы бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би мүсіндері орналасқан, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты» деген дәйексөзі үш тілде жазылған.

Соңғы жаңалықтар