Жыл қорытындысы: ШҚО-да қылмыс саны азайды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2015 жылғы жұмыс қорытындылары Шығыс Қазақстан ішкі істер департаментінің қойылған міндеттерді жақсы орындағанын көрсетіп отыр, деді Өскеменде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полицияның генерал-лейтенанты Марат Демеуов жыл қорытындылары бойынша өткен кеңесте.

Кеңесте ШҚО ІІД-нің бастығы, полицияның генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаевтың жұмысқа жасаған талдауы аймақтағы криминогендік жағдайдың тұрақтандырылғанын куәландырып отыр. Қылмыстардың жалпы саны 2 мыңнан астамға қысқарған. Атап өткенде, бұзақылықтардың саны 30 пайызға, тонаушылық - 23 пайызға, қарақшылық шабуылдар - 11 пайызға, өзгенің мүлкін ұрлау - 20 пайызға қысқарған. Қылмыстарды ашу бойынша жұмыстың тиімділігі, соның ішінде қылмыстың ауыр түрлерін ашу - 8 пайызға өскен.

Аймақтық полицияның басшысы полицияның 290 есірткі қылмысын анықтап, соның нәтижесінде айналымнан 161 келі есірткі алынғанын атап өтті. Бұдан басқа, ұрлық жасаған 84 топ ұсталып, жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында пәтер ұрыларының 32 тобы, мал ұрыларының 18 тобы болған.

Жыл қорытындылары бойынша кеңесте алдын алу сипатындағы мәселелерге, соның ішінде құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділікке көп көңіл бөлінген. Аймақтық полицияның басшысы Ж.Бақтыбаев анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың санын атады - 330 мың (ұсақ бұзақылық, жол қозғалысы ережелері бұзу, т.б.).

Өз кезегінде, министрдің орынбасары М.Демеуов полицейлердің назарын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға аудартты. Бұл бағытта полицияның жұмысы күшейтілуі тиіс және департаменттің алдында 5 институционалдық реформаны орындау бойныша Ұлт жоспарын іске асырудың үлкен міндеті тұр.

«Сіздердің аймақтарыңызда барлық тіркелген қылмыстардың 53 пайызы - өзгенің мүлкін ұрлау. Осыған байланысты өзгенің мүлкін ұрлау бойынша қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша жұмыстар, «ҚР ІІМ-нің өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимылдар бойынша 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламалары» басымдық сипатқа ие болып отыр», - деп атап өтті ол.

Ішкі істердің барлық бөлімшелері мен аймақтық органдарына 2016 жылы жұмыстың басымдық бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берілді, деп хабарлады ШҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар