Жыл басынан елімізде 38 мектеп пайдалануға берілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан Қазақстанда 31 мыңнан астам нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де нысандар бар. ҚазАқпарат бұл туралы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басынан бері Қазақстанда жалпы ауданы 12 316,3 мың м2 болатын 31 мыңнан астам нысан пайдалануға берілді.

2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 3 989,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1% жоғары.

Республика бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінің 83,8% - жеке құрылыс ұйымдары, 16,1% –шетелдік және 0,1% - мемлекеттік ұйымдар орындаған.

Құрылыс жұмыстары көлемінің ең жоғары өсімі тіркелген өңірлер:

- Шымкент қаласы – 39,7%;

- Қызылорда облысы – 35,1%;

- Ақмола облысы – 26,9%;

- Алматы облысы – 14,5%;

Құрылыс жұмыстарының көлемі азайды:

- Қарағанды облысында – 10,7%;

- Абай облысында – 23%;

- Маңғыстау облысында – 34,7%

Пайдалануға берілген нысандардың 90,8 пайызы тұрғын үй секторына тиесілі, бұл 28 мыңнан астам тұрғын үй нысаны. Одан кейінгі орында магистральдық және жергілікті құбырлар, байланыс желілері, энергетика желілері, қосалқы нысандар тұр – 1169 нысан. Сауда нысандары үшінші орында, жыл басынан бері 513 объекті пайдалануға берілді.

Білім беру және денсаулық сақтау саласында биылғы тоғыз айда 38 жалпы білім беретін мектеп, 24 мектепке дейінгі ұйым, 3 аурухана, сондай-ақ 6 амбулаториялық емхана іске қосылды.


Соңғы жаңалықтар