Жыл басынан бері жемқорлар қанша ақша ұрлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі соңғы бес айдың жұмысын қорытындылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің ресми өкілі Нұрлан Жаxиннің айтуынша, жыл басынан бері материалдық шығынның көлемі 7 млрд теңгені құрады. Былтыр аталған көрсеткіш 2,1 млрд теңге болған. Биыл 6,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 477 лауазымды тұлғаның қылмысын әшкереледі. Олардың ішінде республикалық деңгейдегі 13 басшы, облыстық  - 39, қалалық және аудандық деңгейдегі 71 басшы бар. 146 адам ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, әрекет еткен. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау фактілері де анықталды. Ондай тәртіп бұзушылықтардың басым бөлігі "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту", "Өңірлерді дамыту - 2020", "Нұрлы жол", білім және ғылым бағдарламалары бойынша тіркелген. Жемқорлар көп жағдайда құрылыс нысандарының жалған актілерін рәсімдеп жатады. Сосын бюджет ақшасын таратқаны үшін, сондай-ақ, жер телімдерін бергені үшін пара алып отырады. Сөйтіп, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салады", - деді Н.Жаxин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес айдың ішінде 1 418 қылмыстық тәртіп бұзушылықтар тіркелді. Соның жартысы пара алуға қатысты болса, қалғаны -  ақшаны ірі көлемде жымқыру фактілері. "Негізі, бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері 13 процентке артып отыр. Соның ішінде ірі көлемде ақша ұрлау фактілері де көбейді. Осының өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің күшейгенін көрсетсе керек", - деп атап көрсетті Н.Жаxин.

Айта кетейік, бүгін агенттік өкілдері парамен ұсталған бірнеше шенеуніктің видеосын жариялады. Олардың ішінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты xатшысы,  сондай-ақ "Кедентранссервис" АҚ вице-президенті бар.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысында түрме бастығының орынбасары алған параның видеосы көрсетілді. 

Соңғы жаңалықтар