Жыл басынан бері Жамбылда 2200 жаңа жол белгісі орнатылған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылда жол қозғалысы жеңілдей түспек. Осы орайда облыс пен Тараз қаласында жол белгілері мен ақылды бағдаршамдар көбейіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, биыл облыс автожолдарына 2200 жол белгісі орнатылған. Жол жабындары мен қоршаулар да қалыпқа келген. Бүгінде қала ішінде 135 бағдаршам бар болса, оның 98-іне қайта құру жұмыстары жүргізілді. Маңызды дейтін 10 негізгі жол қиылыстарында «Ақылды бағдаршам» желілік бағдарламасы орнатылып, көліктердің алты жолақты қозғалысы ұйымдастырылған. Нәтижесінде жолдағы кептелістер азайған.

«Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураға 178 ақпарат жолданып, жолды күтіп ұстамай, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексіне сай 88 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Күнделікті тексеріс барысында жол белгілерінің ескіруі, майысуы секілді жағдайларға қатысты жол мекемелеріне ұйғарымдар беріп отырамыз. Ұйғарым бойынша белгіленген мерзімде ол белгілердің ауыстырылуын тексеріп, қадағалаймыз»,- дейді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің аға инспекторы Ержан Дүйсебекұлы.

Сондай-ақ, қала көшелерінде оң жақ бұрылыстар соғылуда. Ал, сол жақ бұрылыстар үшін ақ жолақтар салынып жатыр. Енді үлкен жол айырықтарына ақ жолақтар сызылмақ. Бұл көлік қозғалысын реттеп, тәртіпті түзеп, қауіпсіздікті сақтауға сеп болмақ дейді мамандар.



Соңғы жаңалықтар