Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтардың 41 жетекшісі мен 194 мүшесі жауапкершілікке тартылды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтың 41 жетекшісі мен 194 мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

 Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында ведомство баспасөз қызметінің басшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында Астана мен Алматы қалаларында тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып отыр. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша табанды атқарылған шаралар нәтижесінде жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтардың 41 жетекшісі мен 194 мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы екі қалада қылмыстық жағдайға ықпал етуге тырысқан шетел мемлекеттері қылмыскерлерінің әрекеттеріне тосқауыл жасалды», деді Қ. Жұманов.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бұрын «Айшуақ» деген атпен белгілі ұйымдасқан қылмыстық топтың аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеу жарияланған жетекшілерінің бірі ұсталған болатын. Сонымен бірге, Астана және Алматы қалаларында аса ауыр қылмыстар жасаумен айналысатын орнықты ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты іс-шаралар кешені ұдайы жүргізіліп келеді.

Тоқтала кететін жайт, өткен аптаның ішінде қылмыстық ортаның 2 «беделдісі», ұйымдасқан қылмыстық топтың 8 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ақмола облысында 30 жастағы бірнеше рет сотталған «Мұқан» атты лақап атпен белгілі ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушысы  ұсталған. Ол 2008 жылдан бері қарай Көкшетау қаласының тұрғынына дене жарақатын салғаны үшін іздеуде жүрген болатын. Онымен бірге, ағымдағы жылдың мамыр айында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеу жарияланған күдікті де қолға түсті. 

Соңғы жаңалықтар