Жыл басынан бері ұлттық парктерге 1,7 млн астам турист барған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда экотуризм белсенді дамып келеді. Мысалы, өткен жылы еліміздің ұлттық саябақтарына 1,7 млн адам келген. Бұл туралы «Табиғатқа құлақ сал» жаңа экологиялық маршрутының ашылуы кезінде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық статистиканың дерегіне сәйкес, өткен жылы ұлттық саябақтарға келушілер саны 1,5 млн адамды құрады. Бұл көрсеткішті 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, 2021 жылы 40%-ға өскенін көреміз. Биылғы 10 айдағы деректерді қарасақ, онда адам саны 1,7 млн-нан асқан. Бұл - Қазақстанның барлық 14 ұлттық паркі бойынша деректер», - деді ол.

Вице-министр заңнамалық деңгейде Мәжілісте ұлттық парк аумағында экология заңын бұзғандарға жазаны қатаңдату туралы заң жобасы қаралып жатқанын атап өтті.

«Біз Президенттің тапсырмасы бойынша саябақтарды ластау, режимді бұзғаны үшін жазаны арттыру туралы ұсыныс енгіздік, айыппұлдарды екі есеге арттырдық. Мысалы, бұған дейін жеке тұлғаларға бұзушылықтар үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, қазір 20 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Әзірге бұл заң Парламентте қаралып жатыр», - деді Әлия Шалабекова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ұлттық саябақтарға келушілерге ыңғайлы болу үшін онлайн төлем қолданылады.

Ұлттық саябақтың аумағына кіргенде, келушілер екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы төлей алады.

Әлия Шалабекова қоғамдық дәретханалар мәселесіне де тоқталды.

Айтуынша, ұлттық саябақтар қоғамдық дәретханаларды күтіп ұстау, қызмет көрсету бойынша жоспар құрған.

Бүгінгі таңда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп, санитарлық тораптарды күтіп ұстауға жұмсалатын шығынды 83 мың теңге көлемінде субсидиялау мәселесін пысықтап жатыр.

Спикер бүгінгі күні көптеген ұлттық парктерде туристік маршруттар ашылып жатқанын айтты.

«Біз «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінде «Табиғатқа құлақ сал» экологиялық маршрутын аштық. Екі апта бұрын Катон-Қарағайда экомаршрут ашылды, сондай-ақ, Сайрам-Өгем ұлттық паркінде экожолды абаттандыру жұмысы аяқталып қалды. Алтынемел мен Шарынға баратын маршруттар салынды. Олар келушілер үшін өте ыңғайлы. Бұл жұмыстың бәрі басқа саябақтарда да жалғасады. Келесі жылы шағын ұлттық саябақтар - Қарқаралы, Бұйратау, Көкшетауды абаттандырамыз», - деді Әлия Шалабекова.

Еске салайық, «Көлсай көлдері» ұлттық саябағына баратын жол салынып, бөгет тұрғызылатынын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар