Жыл басынан бері Ресейден ШҚО-ға 5 мыңнан аса турист келген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Биылғы 10 айда Шығыс Қазақстанға Ресейдің шекаралық аймақтарынан бес мыңнан астам турист келген. Бұл соңғы үш жылмен салыстырғанда 4,5 есе көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аltaynews агенттігіне сілтеме жасап.

Мұны Петропавл қаласында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің туристік көрмесі кезінде облыстық туристік ақпарат орталығының мамандарынан сұрап білдік.

Еске салайық, бұл күндері Солтүстік Қазақстан облысының орталығында Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өтуде. Форум аясында екі елдің туристік әлеуетін паш етуге бағытталған арнайы көрме ұйымдастырылған-ды.

«Шығыс Қазақстанға келетін туристер саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұған соңғы жылдары облысымыздағы туристік инфрақұрылымның қарқынды дамуы да өз септігін тигізіп отыр», - дейді ШҚО туристік ақпарат орталығының директоры Сымбат Рамазанов.

Оның сөзін ресейлік әріптесі де қолдады. Алтай Республикасы туристік ақпарат орталығы маркетинг бөлімінің меңгерушісі Сергей Поповичтің айтуынша, қазір кері бағытта сапарлаушылар саны да осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым артқан.

«Сөзсіз, бұған екі өңір арасындағы жолдардың қалпына келтірілуі, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалының болуы да ықпалын тигізді. Біз Шығыс Қазақстан облысының ең жақын көршілерінің біріміз. Сондықтан байланысымыз бұдан да тығыз болып, сіздерден бізге, бізден сізге сапарлайтын туристер қарасы жыл сайын арта береді деп сенеміз», - дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар