Жыл басынан бері прокурорлар 590 қылмыстық істі қысқартты – Мәжіліс төрағасы
2022 жылғы 30 маусым 12:07

Жыл басынан бері прокурорлар 590 қылмыстық істі қысқартты – Мәжіліс төрағасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері прокурорлар 590 қылмыстық істі қысқартты. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысыда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық саясатты ізгілендіру принциптерін басшылыққа ала отырып, Республикада азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасалды. Тиісті тетіктер Республика Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңда бекітілді. Президенттің тапсырмаларын орындау үшін құқық қорғау органдарының, прокуратураның және соттың өкілеттіктері мен жауапкершілігінің аражігін ажырататын қылмыстық-процестік заңнаманың үш буынды моделі енгізілді. Осы реформаның нәтижесінде, жыл басынан бері ғана прокурорлар 590 қылмыстық істі қысқартты және 1800-ден астам адамды айғақтар жеткіліксіз болғандықтан қылмыстық іс аясына тартуға жол берілген жоқ», - деді Е. Қошанов.

Сонымен қатар ол Қазақстанның ұлттық заңнаманы үйлестіру туралы халықаралық міндеттемесі өлім жазасының күшін жою мәселесі жөніндегі Заңда көрініс тапқанын еске салды.

«Депутаттар құқық қорғау органдарын реформалаудың нормативтік базасын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырды. Осыған орай, құқық қорғау қызметін өткеру, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелері реттелді. Мемлекет басшысы қазақстандық бизнес өкілдерімен болған бірқатар кездесу аясында бюджетке қосымша қаражат тарту қажеттігіне, капиталды шетелге шығару тәуекелін азайтуға, жаңа кен орындарын игеру үшін ынталандыру шараларын енгізуге, цифрлық майнингке салық салуға назар аударды. Осы тапсырмалардың барлығы Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңда іске асырылды. Ал мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі заңда ғылым саласы мен жетекші ғалымдардың жалақысын гранттық қаржыландыру тетіктері бекітілді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де алғаш рет заңнамалық тұрғыдан реттелді. Биологиялық қатерді анықтау және оның алдын алудың ұлттық нормативтік базасын қалыптастыру коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың ішіндегі ерекше қажеттілікке айналды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент депутаттары каникулға кетті. Е. Қошанов екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болғанын айтты.

«Мәселен, Праламент палаталарының 4-ші бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды. Осы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды», - деді Мәжіліс төрағасы.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT