Жыл басынан бері отандық әуекомпаниялар 4,6 млн жолаушы тасымалдады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елімізде өткен жылға қарағанда әуе жолаушыларының саны 9 пайызға артқан. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті берген ресми ақпаратта айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша отандық авиакомпаниялар шамамен 4,6 млн жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық (2021 жылы 4,2 млн жолаушы). Сондай-ақ, қазіргі уақытта аптасына 498 халықаралық әуе рейсі орындалады. Ұшақтар 28 елге қатынайды. Пандемияға дейін аптасына 442 халықаралық рейс 27 елге қатынап тұрды», - деген жауап берілді ҚазАқпараттың сауалына.

Одан бөлек, авиация комитеті әуе рейстерінің бағасына қатысты түсініктеме берді.

«Әуе тасымалы саласын дамытуды ынталандыру мақсатында және әлемдік тәжірибеге сәйкес, Қазазқстанда әуе көлігі бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Осыған байланысты әуекомпаниялардың қызмет көрсету бағасын комитет реттемейді. Сондай-ақ, әуекомпаниялардың бағаны белгілеуі еліміздің кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополияға қарсы реттеуге жатады», - дейді ведомстводан.

Еске салсақ, кеше ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау бағасына қатысты арнайы талдау нәтижесін ұсынған еді.


Соңғы жаңалықтар