Жыл басынан бері Нұр-Сұлтанда жол апатынан 5 бала қаза тапқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың басынан бері елордада жол апатынан 83 бала зардап шегіп, бес бала қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Уваев мәлімдеді.

«Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бес бала қаза тауып, 83 бала жараланды. Өткен жылы жол апатынан үш бала мерт болған еді. Зардап шеккендер саны да бір жылда 74-тен 83 балаға дейін артты. Балалар зардап шеккен жол-көлік оқиғалары өздері оқитын мектеп жанында болмаған», - деді Нұрлан Уваев қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жалпы Нұр-Сұлтан қаласындағы жол-көлік апаты 2018 жылы - 365 болса, 2019 жылдың 9 айында - 421-ге жеткен.

«Жол апатын азайту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында 30 жедел-алдын алу шарасы мен 15 акция ұйымдастырылды. Оның аясында 72 блім беру нысанының маңында жаяу жүргіншілер жолына сары және ақ жолақтар сызылды. Төрт мектеп маңына бағдаршамдар орнатылды. 104 мектеп маңайына арнайы жол кедергілері қойылды. 151 ақпараттық белгі жаңартылды. 20 мектеп маңындағы жол жөнделіп, арнайы тротуар бөлінді. 130 мыңнан астам балаға 12 мыңға жуық дәріс оқылды», - деді департамент өкілі.

Соңғы жаңалықтар