Жыл басынан бері мүгедектерге және асыраушысынан айырылғандарға 260 млрд теңге жәрдемақы төленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтарға жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 260 млрд теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 206,6 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 54,3 млрд теңге бағытталған.

2021 жылдың тамыз айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 26,1 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 6,5 млрд теңге жұмсалды.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы - 528,6 мың адам, асыраушысынан айырылғандар - 160 мың.

«Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 375 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 40 543 теңге.


Соңғы жаңалықтар