Жыл басынан бері Маңғыстау облысында 2,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері еңбекпен қамту органдары 2708 жұмыссыз адамды орналастырды, бұл ретте олардың төртінші бөлігі - 635 адам жұмыспен наурыз айында қамтылған.

«Уақытша жұмыс орындарына, соның ішінде мемлекеттік қаржыландыру есебінен 1818 жұмыссыз адам (қоғамдық төленетін жұмыстарға 845 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 491 адам орналастырылды, орта және жоғары кәсіби білім беру ұйымдарының 482 түлегі жастар тәжірибесінде жүр) еңбекпен қамтылды. Тағы 890 жұмыссыз адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды», - деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова.

Оның айтуынша, ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму минстрлігімен 7034 жұмыссыз адам мен өздігінен жұмысбастыларға көмек көрсету шараларын қарастыратын 2015 жылы тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар келісіліп, бекітілген. Осылайша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 534 адамды, соның ішінде 50 пайыздан кем болмайтын әйелдерді қамту жоспарланып отыр. Аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 2015 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам мақсатты трансферттер қарастырылған. Одан сәл аздау болатын сома жергілікті бюджеттен бөлінбек.

«Аумақтарды дамыту бағдарламасының аясында 5472 адам жергілікті бюджеттен 800 млн-нан астам теңге көлемінде қаржыландырумен жұмысқа көмек шараларымен қамтылады. Мемлекеттік, салалық бағдарламалар аясында іске асырылып отырған жобаларда 898 жаңа жұмыс орны құрылады. Мақсатты индикаторлар, мақсатты санаттарды қатыстыру бойынша көрсеткіштер анықталған», - деп атап өтті Г.Қалмұратова.

Шенеуніктің атап өтуінше, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер енгізілуіне байланысты сәуір айында ауыл әкімдері мен жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін оқыту ұйымдастырылады. Бұл бағдарламаның, сондай-ақ «Өрлеу» ілкі жобасының мүмкіндіктерін пайдалану үшін мобильдік топтар құрылып, олардың қызметінің кестесі бекітіледі.

Соңғы жаңалықтар