Жыл басынан бері қазынаға 9,6 трлн теңге салық түсті - Мемлекеттік кірістер комитеті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 9,6 трлн теңге салық түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылғы 8 айда мемлекеттік бюджетке салық түсімі 104,5%-ға орындалды. Мұның жоспары 9 228,2 млрд теңге болса, 412,7 млрд теңгеге асыра түсіммен бұл көрсеткіш 9 640,9 млрд теңгені құрады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе немесе 2 836 млрд теңгеге өсім бар.

«Түсімдердің өсуіне мынадай факторлар әсер етті: өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде мұнайға - 60,3%, мырышқа - 29,5%, алюминийге - 25,3%, қорғасынға - 2,7%, алтын - 2,1% және мысқа 0,9% бағаның өсуі байқалады. Шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі 50,5%-ға өсті (1 тонна үшін орташа мөлшерлемесі 2021 жылғы 8 айында – 59,4$, 2022 жылғы 8 айында – 89,4$)», - деп жазды ведомстводан.

Биыл үшінші елдермен тауар айналымы 47,5%-ға өскен (экспорт 57,4%-ға, импорт 25,5%-ға өсті). Ал өткізу бойынша айналым 29,9%-ға (71 571 млрд теңгеден 92 978 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.

Жыл басынан бергі ЭШФ деректері ойын-сауық және демалыс 46,4%-ға, кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу 35,9%-ға, өзге де қызмет түрлерін ұсыну 34,1%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығы 30,4%-ға және ақпарат және байланыс 29,6%-ға артқанын көрсетті.



Соңғы жаңалықтар