Жыл басынан бері Қазақстанға сырттан 83,4 млрд теңге кірген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаңтар-наурыз аралығында халықаралық қаржы аудару жүйелері арқылы елімізге сырттан 83,4 млрд теңге кірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Талдау орталығының хабарлауынша, былтыр Қазақстандағы ақша аударымдарының көлемі 362 млрд теңгеге жеткен. Ал бір шоттан екіншісіне тікелей қаржы аудару операцияларының саны 10% артып, 1,5 млн-ға жеткен. Бір аударымның орташа түбіртегі 7,5% ұлғайып, 238,8 мың теңгені құраған.

«Қазақстанға қаржы аударылған елдер арасында алғашқы үш айдың нәтижесі бойынша Ресей Федерациясы көш бастап тұр. 2018 жылдың қаңтар-наурыз аралығындағы көрсеткішпен салыстырсақ, өсім 36,3% жетіп, 36 млрд теңге болды. Ал транзакциялар саны 23,8% артып, 193 мың мыңға жетті. Ақша аударымындағы Ресейдің үлесі - 43,2%» - делінген ақпаратта.

Екінші орында 15 млрд теңгемен Корея Республикасы тұр. Бұл елден жасалған транзакциялар саны - 39,3 мың. Есесіне бір аударымның орташа түбіртегі - 351,3 мың мен 382,9 мың теңге аралығында болған. Кореяның жалпы аударымдағы үлесі - 18%.

Қазақстан аумағына қомақты қаражат аударылған елдердің ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, АҚШ, Германия, Түркия, Тәжікстан және БАӘ бар.

Ал ақша аудару жүйелерінің ішінде алдыңғы орындарды «Золотая Корона», «Western Union», «MoneyGram» үштігі өзара бөлісіп тұр.

Соңғы жаңалықтар