Жыл басынан бері Қазақстанға 8 млн жуық шетелдік келген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов елдегі көші-қон статистикасын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері елімізге 7 млн 934 мың 134 шетелдік келген, шыққан азаматтар саны – 7 млн 751 мың 491 адам. Аталған шетел азаматтары негізінен жеке шаруаларымен келгендер, халықаралық тасымалдау жұмыстарымен айналысатындар, елге келіп жұмыс істейміз деген азаматтар және транзит, қызметтік іссапармен келгендер. Қазіргі уақытта елге келіп, медициналық емделетін азаматтар саны да көбеюде», - деді І. Испанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мемлекеттік басқару жүйесін тиімді атқару мақсатында Президент жарлығына сәйкес Еңбек министрлігіне 22 қосымша функция берілген болатын.

Осыған орай көші-қон саласының мемлекеттік саясатын тиімді іске асыруды үйлестіру бойынша басты орган ретінде көші-қон комитеті құрылды.

«Бұл комитеттің жұмысты үйлестіруі арқылы министрлік басқа да құзіретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірледі. Оны 30 қараша Үкімет қаулысымен бекітті. Жаңа тұжырымдама еліміздің көші-қон саласын реттеуге және экономика дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында алдағы жұмыс барысы 3 блоктан тұрады, бірінші – елімізге білікті кадрларды келуін ынталандыру, екінші – шетелге шыққан біздің азаматтардың жұмысын реттеу немесе еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар, үшінші – өңірлер арасындағы демгорафиялық теңсіздікті жоюға арналған жұмыстар болады», - деді Ілияс Испанов.


Соңғы жаңалықтар