Жыл басынан бері елордаға 200 мыңға жуық турист келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың І тоқсанында Нұр-Сұлтан қаласына 186 мың турист келген. Бұл туралы қалалық мәслихаттың отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың І тоқсанында елордаға 186 мың турист келді. Оның 30 пайызы шетелдік турист. Өткен жылы жылғы көрсеткіш 790 мың адамды құрады. Сонымен қатар, Н. Назарбаев халықаралық әуежайындағы жолаушылар ағымы 5,8 пайызға артып немесе 4,5 млн адамға көбейді. Халықаралық әуе рейстерінде қызмет көрсетілген шетелдік меймандардың саны 1,8 млн адамға жетті», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев қалалық мәслихаттың отырысында жасаған өз баяндамасында.

Оның айтуына қарағанда, биыл еліміздің бас қаласы ТМД елдері ішінде саяхат жасау үшін жиі таңдалатын үздік 5 қаланың қатарына енді.

«2020 жылы елордаға жылына 1 млн туристі тарту мақсаты қойылып отыр. Өздеріңіз білетіндей қазіргі уақытта қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленіп жатыр. Оның ішінде туризм саласы жеке бағыт болып қарастырылған. Сол сияқты ребрендинг, яғни қала атауының өзгеруі де өз әсерін тигізеді деген ойдамыз. Және елордаға келетін туристерді 1-2 күннен 3-4 немесе одан да көп күнге қалуы жолындағы нақты шаралар қолға алынады. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанға келетін турист қалада орташа есеппен 1,5 күнге тоқталады», - дейді ол.

Оның мәлімдеуінше, туризм саласының сарапшылары елордада іскерлік, медициналық және қалалық туризмді дамыту керек деген бастаманы алға тартуда.

«Іскерлік туризмді дамыту әлемнің көптеген елдерінде басым бағыттардың бірі болып табылады. Аталған туризм саласын дамытуға қандай да бір табиғи ресурстар немесе теңізге шығуды талап етпейді. Мысалы, ЭКСПО аумағындағы ғимараттар мен Конгресс-Холл орталығы бас қаламызда халықаралық деңгейдегі іскерлік шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді», - деді Е. Бекмырзаев.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында түрлі бағыттағы 700-ге жуық іс-шара өткізілді. Және жыл санап елордада өтетін іс-шаралардың саны 10 пайызға көбейіп отыр.

«Ал үстіміздегі жыл басталғалы 5 айдың ішінде елордада әртүрлі масштабтағы 300-ге жуық іс-шара өтті және 2025 жылға дейін астанада кемінде 30 халықаралық деңгейдегі іс-шара өткізу жоспарда бар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар