Жыл басынан бері ел экономикасы 5 пайызға өсті – Әлібек Қуантыров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың 4 айында ел экономикасы 5 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 4 айда өткен жылдың қаңтар-сәуірімен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5 пайызға өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсу - 4,8, ал қызмет көрсету саласындағы өсу 4,9 пайызды құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті», - деді министр.

Оның атап өтуінше, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18 пайызды құрады.

«Инвестиция ағыны көлік және қоймалауда – 39,3, ауыл шаруашылығында – 26,5, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 10, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 17,3 және өңдеу өнеркәсібінде - 7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.


Соңғы жаңалықтар