Жыл басынан бері БЖЗҚ қанша қызметкерді жұмыстан қысқартқаны белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - БЖЗҚ АҚ жыл басынан бері қанша қызметкерді қысқартқанын хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында қордың шығындары 15 млрд теңгеге, яғни 28,5 пайызға қысқарғаны белгілі болды.

Басқарма төрағасының айтуынша, жыл соңына дейін 30 млрд теңге үнемдеу жоспарда бар.

«Қысқартулар үдерістерді оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатыр. Талдау жүргізіліп, қажетсіз бақылау элементтері алынып тасталды. Ол қызметтерді онлайн режімде де көрсетуге болады. 1 мамырдан бастап 290 қызметкер қысқартылды. Нәтижесінде 2,4 млрд теңге үнемдеп, тек жалақыға кететін шығындардың 23 пайызын қысқартты. Сондай-ақ, қызметкерлерге сыйақы беру жүйесіне де өзгеріс енгізіп жатырмыз», - деді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева.

Оның айтуынша, шығындарды оңтайландыру туралы шешімді қордың басқармасы қабылдаған. Бұл шешім сыртқы факторлармен байланысты емес.

«Біз алдын ала жоспарланған ғимараттарды сатып алу туралы шешімнен бас тарттық. Жалға алу шығындарын ішінара азайттық.  Мұның өзі 413 млн теңгені үнемдеуге сеп болды. Іссапар шығындары да 36 %-ға қысқарды. Енді бұл бағытта 117 млн теңге жұмсалатын болды. Сондай-ақ, сенімді басқару, капиталдық лицензия саясаты қызметтеріне шығын азайды», - деді ол.

Басқарма төрайымы үнемдеу саясаты бұдан әрі де жалғаса беретінін айтты.

«Барлық Қазақстан бойынша 231 бөлімше бар. Бірақ бәрі бірдей тиімді жұмыс атқарып отырған жоқ. Болашақта «Қазпошта» бөлімшелері арқылы трансагенттік қызмет түрлерін дамыту ойда бар. Егер осы бағытта жұмыс сәтті жалғасса, бөлімшелердің де саны қысқаруы мүмкін. Адамдарға біздің бөлімшеге келіп жатпай-ақ, онлайн режімде трансагент арқылы қызметке қол жеткізе алатын болады», - деді Нұрбүбі Наурызбаева. 

Айта кету керек, 1 шілдеден бастап қорда жаңа электронды қызмет іске қосылды. Енді тұтынушылар зейнетақы төлемдерін алуға өтінім беріп, өтінімнің мәртебесін онлайн режімде көре алады.  Сондай-ақ, жеке зейнетақы шотын ашуға, немесе  аударым жасауға болады.

Соңғы жаңалықтар