Жыл басынан бері балаларға 600-ге жуық жоғары технологиялық операция жасалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елімізде жыл сайын балаларға жүздеген жоғары технологиялық операция жасалады. 2021 жылдың 8 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен 2,4 млрд теңгеге 582 операция жүргізілді. Бір операцияның орташа құны 4 млн теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы мәлім етті.

Жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) диагностика мен емдеудің инновациялық, бірегей әдістерінің көмегімен жүргізіледі.

ЖТМҚ-мен емделетін балаларда жиі кездесетін диагноздар - қанайналым жүйесі, генитурарлы жүйе, асқорыту, эндокриндік жүйелерінің аурулары және туа біткен ақаулар.

Жыл басынан бері 198 бала кохлеарлық есту аппараттарын имплантациялаудың арқасында есту мүмкіндігіне ие болды.

172 пациент жүрек қызметін қалпына келтірді, 67 баланың несеп-жыныс жүйесі органдарында ота жасалынды.

Қазақстандық мамандар қан мен сүйек кемігінің онкологиялық ауруларын емдеу кезінде 22 аллогендік және 5 аутологиялық сүйек кемігін трансплантациялауды жүргізді.

«Тағы 9 баланың бауыры трансплантацияланған, екі балаға ми ісіктері кезінде күрделі нейрохирургиялық ота жасалды. Ең көп жоғары технологиялық медициналық көмек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көрсетілді. 2021 жылдың 8 айында елордада балаларға - 278, Алматыда - 252 жоғары технологиялық ота жасалды. Ел ішінде медициналық технологияларды дамыту - балаларға шетелге емделуге шықпай-ақ ем алудың мүмкіндігі», - делінген хабарламада.

ЖТМҚ алуға жіберу туралы шешімді пациентті жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін қандай да бір медициналық ұйымға жіберу мәселесін шешу үшін бейінді мамандар кіретін жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшысы құрған арнайы комиссия қабылдайды.

Бұдан әрі медициналық ұйым пациенттің тіркелген жері бойынша құжаттар пакетін ЖТМҚ комиссиясының қарауына жібереді.

Содан кейін комиссия құжаттарды қарайды. Жолдаманың негізділігін айқындайды және хаттамаға ресімдей отырып, шешім қабылдайтын болады.

Оң шешім қабылданған жағдайда ЖТМҚ комиссиясы емдеуге жатқызуға жолдаманы пациенттің құжаттар пакетін қоса бере отырып, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді.


Соңғы жаңалықтар