Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдері ұлғайды – ҚР АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар-мамыр айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3,1%-ға ұлғайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы қаңтар-мамыр айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3,1%-ға ұлғайып, 1 110,2 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,5%-ға, сүт 3,1%-ға өсті. Мұнда 58,3 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді», - деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.

Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 4 облыста: Ақмола (113,8%), Павлодар (103,9%), Батыс Қазақстан (103,3%) және Қарағанды (103,3%) облыстарында байқалды.

«Аталған кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,3%-ға өсіп, 851,6 млрд теңгені құрады. Бұл ретте қызылша қантын өндіру көлемінің 29,7%-ға, өңделген күріштің 24%-ға, жарманың 18,7%-ға, сары майдың 16,5%-ға, өсімдік майының 11,9%-ға, ұнның 9%-ға, ірімшік пен сүзбенің 8,7%-ға, өңделген сүттің 3,3%-ға артқаны байқалды», - дейді С. Омаров.

Сонымен бірге, қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 46,8%-ға ұлғайып, 213,8 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 24,1%-ға артып, 35,6 млрд теңгені құраған.


Соңғы жаңалықтар