Жыл басынан бері астанада 456 өрт оқиғасы тіркелген

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елорда аумағында 456 өрт тіркелген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері қала аумағында 456 өрт фактісі тіркелді. Оның ішінде 150-і жеке тұрғын үй секторында. Өрттерден 10 адам құтқарылып, 26-сы қауіпсіз аумаққа көшірілді. Статистикаға сәйкес, өрттердің айтарлықтай бөлігі жеке сектоларда болады. Сондықтан, қалалық құзырлы орган жылыту маусымы басталар алдында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізеді. Биыл бұл шаралар 15 тамызда басталды», - деді Еркін Отарғалымұлы.

Басқарма басшысының дерегінше, өрт қауіпсіздігі айлығы үш кезең бойынша өтеді. Бірінші кезекте әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың баспаналары тексеріледі. Елордада осындай санаттағы 1 240 отбасы бар. Келесі кезекте қала аумағында тіркелген 10 мыңға жуық саяжайларға қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі. Одан кейін шаһарда орналасқан барлық тұрғын үйлерді аралап, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар