Жыл басынан бері әскердегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары 85% азайған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті - ҚК Жоғары Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында армиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жөнінде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Статистикалық деректерге сәйкес, Қарулы Күштерде биылғы бес айда сыбайлас жемқорлық қылмыстары 85% қысқарған.

«Бұл - осы бағыттағы алдын алу жұмыстары мен сыбайлас жемқорлықтың себептерін терең талдаудың нәтижесі. Бүгінгі таңда Қазақстанның Қарулы Күштерінде әскери тәртіпті және армиядағы құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған «Армияда қылмыскерлерге орын жоқ» бағдарламасы іске асырылып келеді» делінген хабарламада.

Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлық туралы заңнаманың орындалуын бақылау жөніндегі комиссияға ерекше мәртебе берілді. Енді ол кешенді талдау жұмыстарымен, парақорлық көріністеріне жол бермейтін қызметті ұйымдастырудың жаңа формаларын енгізумен айнлысып отыр.

Бұдан бөлек, парақорлық қылмыстарын жасау тәуекелі жоғары лауазымдарға тағайындалатын тұлғаларға қатысты полиграфологиялық тексеріс тұрақты түрде жүргізіледі.

Мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру және автоматтандыру жұмыстары жалғасын тауып отыр. Соның нәтижесінде қызмет көрсету мерзімдері 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды әрі талап етілетін құжаттардың пакеті де жұқара түсті.

Министрліктің мәліметінше, Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою жұмысы жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар