Жыл басынан бері Алматының құтқару қызметіне 125 мың қоңырау түскен

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы құтқару қызметінің өкілдері таулы аймақтағы қауіпсіздік шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласының құтқару қызметі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Ержан Қаңлыбаевтың айтуынша, адам тауға шығар алдында ауа райына назар аударуы керек.

«Тауға бет алған кез келген адам, ең алдымен ауа райына мән беруі қажет. Сонымен қатар, туыстары мен жақындарына қайда бара жатқанын айтуы шарт. Яғни, олар білуі тиіс. Жалпы ақпарат болуы керек. Тағы бір айта кететін жәйт, әрдайым өзіңізбен бірге 100 пайыз қуатталған ұялы телефонды алып жүріңіз. Қыс мезгілінде 2-3 телефон болғаны абзал. Сондай-ақ, таулы аймақтарда тыйым салынған жерлерге бармаған жөн. Созылмалы аурулары бар адамдарға жаяу серуендеуден бас тартқан дұрыс немесе қолайлы сәтті таңдаған жөн», - деді Ержан Қаңлыбаев.

Республикалық жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімінің басшысы Сергей Толкуновтың айтуынша, қазіргі кезде адамдар өз мүмкіндіктерін асыра бағалайды.

«Кей адамдар ешқандай бағыт-бағдарсыз, дайындықсыз, түстен кейін тауға серуенге шығады. Оларға бәрі оңай сияқты көрінеді. Алайда, олай істеуге болмайды. Тауда қиындыққа тап болған адамдарға айтарым - өз бетіңізше ешқандай шешім қабылдамаңыздар. Бірден құтқару қызметіне хабарласу керек. Осы арқылы уақытты үнемдеп, тез көмек аласыз»,– дейді ол.

Сонымен қатар, мамандар тауда балаларға мұқият болуға шақырды.

«Егер Сіз балаларды ертіп алсаңыз, оларға мұқият болыңыз. Балалар әрқашан үлкендердің алдында жүруі тиіс. Олардың аяғы тайып кетуі мүмкін немесе шұңқырларға түсіп кетеді. Сондай-ақ, үлкендердің спирттік ішімдіктен бас тартқаны жөн. Бұл өте маңызды», - дейді республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Естай Әлімжанов.

1 қаңтардан 13 қазанына дейінгі аралықта «109» бірыңғай телефон нөмірінің тәулік бойғы кезекшілік-диспетчерлік қызметі Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарынан 125 мыңнан астам қоңырау қабылдап, өңдеген.

Кәсіпорын бөлімшелері 16658 шақыртуға шықты.


Соңғы жаңалықтар