Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденовтың мәліметі бойынша, жыл басынан бері елімізде адам саудасымен байланысты 65 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ол Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне Қазақстан заңнамасына адам саудасымен күрес бағытында ұсынылатын өзгерістер мен түзетулерді таныстыру кезінде айтты.

«Жыл басынан бері осы бағытта 65 қылмыс тіркелді. Оның ішінде қанау мақсатымен бас бостандығынан заңсыз айырудың бір фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 11 фактісі (оның ішінде кәмелетке толмағандар - 3 факті), адам саудасының 16 фактісі (оның ішінде кәмелетке толмағандарды сатудың 12 фактісі), «жеңгетайлық» және жезөкше ұстау орындарын ұйымдастырудың 37 фактісі бар», - деді ол.

Сондай-ақ, Ержан Саденов жыл сайын адам саудасымен айналысатын 5 қылмыстық топ әшкере болатынын атап өтті.

«6 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды. Олар бір жыл бойы жезөкше ұстау орындарын ұйымдастырып, «жеңгетайлықпен» айналысқан. Жалпы жыл сайын адам саудасы саласында 100-ден астам қылмыс тіркеліп, 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіледі», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар