Жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл басынан бері 93 адам пойыз астына түскен, деп хабарлайды Polisia.kz.

16 желтоқсанда Түркістан облысы Манкент станциясында жүк пойызы теміржолда белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды жанай қағып кетті.

Машинист шұғыл тежеу қолданып, дыбыстық сигнал бергенімен, басына капюшон мен құлаққап киіп алған қыз бала сигналды естімеген.

Ол Сайрам ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.

Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 344-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жыл басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерлерден өткені үшін көлік полицейлері 25 403 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежелуінің 2162 фактісі тіркелді, оның ішінде теміржолдағы адамдар үшін – 365, үй жануарларына байланысты 1537 мәрте пойыз тоқтаған.

– Департамент пен оның аумақтық бөліністері қызметкерлерінің жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздік ережесін бұзуды жалғастыруда, соның салдарынан өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр, – дейді Айтуғанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 93 адам жылжымалы құрамның астына түскен, оның 61-і өліммен аяқталған, 12 факті бойынша балалар зардап шеккен, өкінішке қаррай оның 8-і көз жұмды.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – азаматтардың көлік инфрақұрылымы объектілерінде қауіпсіздік ережесін бұзуы және өздерінің жеке қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы.

Департаменті бастығының бірінші орынбасары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және темір жолдан тек арнайы белгіленген жерлерде өту керектігін тағы да еске салды.

Вагондар арасынан өтуге, темір жолдан өту кезінде шпалдардың шетімен, теміржол жолдарының арасымен жүруге, сондай-ақ қауіпті аймақтан өтерде құлаққап пен телефон пайдалануға болмайды.


Соңғы жаңалықтар