Жыл басынан бері 46 мың қазақстандыққа жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді – Үкімет

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері 46 мыңнан астам қазақстандыққа жұмыспен қамту көмегі көрсетілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары айтарлықтай күшейтілді. Жастар практикасына, «алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы артып, қатысу мерзімі ұзартылды. Жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға өз ісін ашу үшін берілетін грант мөлшері екі есе – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 46 мыңнан астам қазақстандыққа жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Өңірлерде барлығы 3 мыңнан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін мемлекеттік қолдау аясында 500 мың адамды жұмыс орындарымен қамту көзделген. Сонымен қатар, бос орындарға азаматтардың өздері Электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналаса алады.

«Мұның барлығы «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасында» көрсетіледі. Оларды оңай бақылап, нақты жағдайды қарап отыруға болады.

Ай сайын онлайн-жәрмеңке өткізудің арқасында кез келген маман еліміздің ірі кәсіпорындарына жұмысқа орналаса алады. Мұндағы ең маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру. Биыл Ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек», - деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова

мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 500 мың адам жұмыспен қамтылатынын айтқан еді.

Сонымен бірге, Т. Дүйсенова Яндекс, Убер, Вольт және Глово платформаларында жұмыс істейтіндердің де әлеуметтік құқықтары қалай қорғалатынын түсіндірді.



Соңғы жаңалықтар