Жыл басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды - министрлік

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3 078 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарт ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 90,1 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (66,3%) Өзбекстаннан, 11,3% – Қытайдан, 10,9% – Түрікменстаннан, 2,2% – Моңғолиядан және 9,3% басқа елдерден.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,2%), Маңғыстау (19%), Түркістан (11,4%) және Жамбыл (5,9%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (6,5%), Нұр-Сұлтан (7,1%) және Шымкент (7,6%) қалаларына қоныстанды.

Биылғы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 62,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,2%-ды және зейнеткерлер 14,1%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,5%-ы жоғары білімді, 39,6%-ы орта кәсіби білімді, 47%-ы жалпы орта білімді және 1,8%-ының білімі жоқ.


Соңғы жаңалықтар