Жыл басынан 755 келі есірткі тәркіленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан есірткінің заңсыз айналымына қатысты 420 қылмыс анықталды. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың басынан бері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 420 қылмыс анықталды. Оның ішінде 265-сі - өткізу және 76-сы - заңсыз сақтау фактісі. Заңсыз айналымнан 755 келі есірткі, оның ішінде 270 келі «марихуана», 93 келі «гашиш» және 105 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі бизнесінің ұйымдасқан түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жүргізілуде. 1 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. ҚК 262-бабы 1-тармағы «ҰҚТ ұйымдастыру және қатысу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, 8 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 85 келіден астам есірткі тәркіленді», - деді Данияр Оралов министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 7 нарколаборатория жойылып, пайдалануға дайын 90 кг астам есірткі және 1,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар