Жыл аяғына дейін инфляция 13-15% деңгейінде қалыптасады – Ғалымжан Пірматов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлеменің неге өзгеріссіз қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл шешім осы жылдың мамыр-маусым айларында жүргізілген болжамдық раундтың қорытындысы негізінде қабылданды. Біз инфляция өсіп, жыл соңына қарай 13-15% деңгейінде қалыптасады деп болжап отырмыз.

2022 жылғы наурыздан бастап геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Қазақстанның қаржы нарығына қысымның айтарлықтай күшеюінің аясында Қазақстанда инфляция үдей түскенін ескерген жөн. Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға байланысты жаһандық жеткізілім тізбегіндегі проблемалардың шиеленісуі әлемдегі өндіріс құнының қымбаттауына алып келді. Шешім қабылдағанда біз осы факторлардың барлығын ескереміз», -деді ол Ұлттық банк сайтында жарияланған сұхбатта.

Оның пайымынша, базалық мөлшерлеменің сақталуы инфляцияны бәсеңдетпек.

«Орта мерзімді кезеңде инфляцияны бәсеңдету мақсатымен инфляциямен күрестің және экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескере отырып, біз базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтап қалдық.

Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы контрциклдік бюджет саясатымен және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуімен бірге 2023 жылы инфляцияның 7,5-9,5%-ға дейін баяулауына ықпал етеді», - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев базалық мөлшерлеме деңгейін қайтадан қарау керек деген ұстаным айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар