Жүздеген қазақстандық «Нұр Отан» партиясына қабылданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Келешегінен мол үміт күттіретін жас ғалымдар, кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азаматтар, белгілі қоғам белсенділері, жеңісімен талайды қуандырып жүрген спортшылар және өз саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен басқа да жүздеген қазақстандық партия мүшесі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Астанадағы салтанатты шарада жаңа нұротандықтарға партия билеттерін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев тапсырды. Салтанатты шараны ашқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен қатысушыларды Астана күнімен құттықтап, биыл бұл мерекенің мәні де, маңызы да бұрынғыдан өзгеше екенін айтты.

- Биыл халқымыздың мақтанышына айналған арман қаламыз Астананың негізі қаланғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында елордамыз шағын ғана облыс орталығынан бүкіл әлем мойындаған ХХІ ғасырдың әсем де сұлу шаһарына айналды. Астана - ата-бабамыздың ақиқатқа айналған армандарының жарқын көрінісі және тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміздің айқын символы. Қазақ елінің Мәңгілік ел болып қалыптасуының мызғымас нышаны. Осы жетістіктеріміздің барлығы Елбасымыздың ерен еңбегі мен сындарлы саясатының жемісі. Елбасы Астананы салу арқылы Отанымыздың абыройын асқақтатып, елімізді әлемнің ең беделді мемлекеттерінің қатарына қосты, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол партия қатарына жаңадан қабылданған жас нұротандықтар алдағы уақытта сол бастамаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Бүгін нұротандық атанған азаматтардың қатарында бұған дейін де партияның әр бастамасын қолдап, оның іске асырылуына өз үлесін қосып, партиялық жобаларға белсенді қатысып жүрген жандар бар. Нақты айтқанда, математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері арасындағы халықаралық креативті олимпиаданың жеңімпазы, бағдарламалау негіздерін оқытатын компанияның жетекшісі Абзал Оразәлиев, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ағылшын тілін үйрететін курстарды ұйымдастырушы Мансұр Құрманғалиев, «Богатырь Комир» компаниясының басшысы, партияның «Балаларға арналған тегін ІТ-сынып» жобасының демеушілерінің бірі Рустам Сансызбаев, «Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС-ның бас директоры, Көкшетау қаласында партиялық жобалардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкер Олег Балыбин бүгін партиялық билеттерін алды.

Партия мүшесі атанғандар қатарында «Болашақ» бағдарламасының түлектері де бар. Мәселен, «STEM» академиясының негізін қалаушы, бірқатар ІТ-сыныптарда қолданылатын жаңа оқыту технологиясын дайындаған Әбутәліп Мүтәлі, физика пәнінің мұғалімі, Қызылорда облысының «Жыл мұғалімі» Абзал Ескендір және «Болашақ» президенттік бағдарламасы қауымдастығының төрайымы Лаура Демесінова Астана күні қарсаңында нұротандық атанып отыр.

nullБірқатар инноваторлар мен стартап жобалардың авторлары да бүгін партия қатарына қосылды. Олардың қатарында sozdik.kz белгілі қазақ-орыс тілдеріндегі онлайн сөздіктің авторы Евгений Чуриков, «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев, «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Қасабек және ірі отандық кофехана желісінің негізін қалаушы Аяттилло Әзімов бар.

Отандық жастар ісінде белсенділігімен көзге түсіп жүрген жастар да бүгін партия мүшесі атанды. Атап айтқанда, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова, «Ақжайық» Батыс Қазақстан облыстық телеарнасының редакторы, облыстық «Ең үздік жас журналист» жүлдесінің иегері Нина Павлычева, «Жас Отан» Жастар қанаты Орталық кеңесінің мүшесі, «Алтын жүрек» сыйлығының номинанты Нияз Сүндетәлиев, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Семей қалалық филиалының директоры Мерей Қарт және «Қазақстан жастарының конгресі» ұйымының атқарушы директоры Тоқтар Болысов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша тұңғыш түлегі Сәнім Бердімұрат, «Еуразия билдинг» ЖШС-ның директоры, «7-20-25» бағдарламасына жүзеге асыруға белсенді қатысушы Дархан Сәдуақас және «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ның директоры, Швейцариядағы «Монтрио Бизнес» университетінің түлегі Санияр Айтекенов нұротандықтардың сапына қосылды.

Айта кетейік, бүгінде «Нұр Отан» партиясының 1 миллионнан астам мүшесі бар.

 

Соңғы жаңалықтар