Жүз жасаған қызылордалық майдангер өткен күндерден естелік жазуда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тұратын 99 жастағы қарт майдангер Сәрсенбек Байжанов бүгінде генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға арналған «Шеңбер» операциясына қатысқан көзі тірі санаулы жауынгердің бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1923 жылдың 1 мамырында Шиелі ауданы, Үлгілі елді мекенінде дүниеге келген ол соғысқа аттанған. Алдымен 3 ай бойы Алматы қаласында ұрыс тактикасына машықтанған-ды. Одан кейін Сталинград шайқасына жіберілген.

Жауынгер Сталинград шайқасында «Шеңбер» операциясына қатысты. Аталған операция негізінен генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға арналған. Көзі мен аяғынан жарақат алған майдангер содан кейін майданнан елге оралды.

Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен әскери медальдар алды.

Қазыналы қарияның жас ұрпаққа шертер әңгімесі, айтар өсиеті көп. Кейде домбырамен ән салып, өзі ойынан шығарған термелерді толғап қояды. Майдангер қарияның мамандығы – педагог.

Соғыстан кейінгі жылдарда Сәрсенбек Байжанов алдымен колхозда жұмысшы болып еңбек етті. Білімге құштар Байжанов 1950-1953 жылдар аралығында Түркістан педогогикалық училищесінде оқып, мұғалім мамандығын алып шығады. Құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін ол Шиелі ауданында № 156 қазақ орта мектебінде жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.

Соғыс ардагері қазірде өткен өмірінен естелік жазады. Елге майданнан өлеңмен жазған хаттары да сақтаулы. Қарт ұстаздың жады әлі де мықты, соғыс деректерін жатқа біледі. Оның естелік әңгімелерінде адамгершілік пен еңбекқорлық, адалдық пен руханилық дәріптеледі.

Қарт ұстаз, майдангер Сәрсенбек Байжанов биыл Ұлы Отан Соғысының 77 жылдығын атап өтті.

Еске салсақ, бұдан бұрын жүз жастағы қызылордалық майдангер «Бейбіт заманда бақытты балалардың күлкісін көрдім - жүз жастағы қызылордалық майдангер» деген ойымен бөлісті.




Соңғы жаңалықтар