Жүйкесі темірдей мығым Call-орталық қызметкерлерінің ТЖ кезіндегі жұмысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Әрқайсымыз өмірде бір рет болсын қандай да бір мәселемен Call-орталыққа жүгіндік. Жоқ дегенде, «интернет қашан қосылады?» деп ашулана сұрау үшін қоңырау шалғанымыз бар шығар. Желінің екінші жағындағы сыпайы оператор біздің сұрақтарымызға абыржымай, байсалды жауап беріп жатады. Жауап алған соң, тұтқаны қойып, бізге көмектескен адам туралы ұмытамыз. Жүйкесі темірдей мығым, төзімі мықты жандар кім? Әрине, олар - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта елімізде «Азаматтарға арналған үкіметтің» 2,5 мыңнан астам фронт-кеңсенің қызметкерлері «1414» нөмірі арқылы кеңес беруге бейімделген. Оның ішінде Алматы қаласының 17 фронт-офисінің 150-ден аса қызметкері азаматтарға қашықтан кеңес беруге жұмылдырылып, үйде отырып қызмет көрсетуде.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің 80% астамын Электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Дегенмен, бәрі бірдей сайтта өз бетінше жұмыс істеп, қосымшаларды қолдана алмайды. Сондықтан кеңесшінің жұмысы өте маңызды.

Бауыржан Бекпаев - «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алатау фронт-офисінің маманы, Call-орталыққа жаңадан бейімделген операторлардың бірі. Ол Халыққа қызмет көрсету орталығында 10 жылдан бері жұмыс істейді. Жары Шынар Молдаханова да осы жердің маманы. Олардың тағдырын Медеу аудандық ХҚО байланыстырды деуге болады. Сол жерде танысқан. Таныстық, достыққа, кейін махаббатқа ұласты. Осыдан 6 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Содан бері қуанышта да, қиындықта да бірге. Дүниеге екі қыздары келді. Қазіргі уақытта Бауыржан мен Шынар азаматтарға онлайн-кеңес береді. Шынардың жұмысы – таңғы 9.00-ден кешкі 16.00 дейін, ал Бауыржанның жұмысы – 13.00-ден 20.00 дейін. Балаларға кезекпен қарайды.

«Жауапкершілігі мол жұмыс. Өз сөзімізге мұқият болып жауап беруіміз керек. Неше түрлі сұрақтар қойып жатады. Мәселен, біреу жақында қоңырау шалып: «Көшеде қалай серуендеуге болады? Бұл үшін учаскелік инспектордан рұқсат сұрау керек пе?» – деп сұраса, тағы бірі: «Карантин кезінде үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады ма?», - дейді. Осы сияқты бізге қатысы жоқ сұрақтармен де уақытымызды алатындар көп. Қалай болғанда да, басты міндет – желінің арғы жағындағы адамға көмектесу», - дейді Бауыржан Бекпаев.

ХҚО-ның тағы бір маманы Рауан Диханбайдың айтуынша, Call-орталықтың классикалық операторы болу өте қиын. Өйткені, қызмет талабы бойынша телефон арқылы көп сөйлеуге тура келеді. Белгілі бір ақпаратты берумен қатар, қоңырау шалушылардың наразылығын да тыңдауға тура келеді.

«Өкінішке орай, көп жағдайда адамдар ашуланып, барлық жағымсыз сөздермен балағаттайды. Кейде біз өз саламыздың сұрақтарымен қатар, олардың көңілінен шығу үшін өзімізге қатысы жоқ сұрақтарға да жауап беруімізге тура келеді. Адамды ашуландыратын балағат сөздерді естіп, өз-өзімізді әрең ұстайтын кездер болады. Себебі, бізде нұсқаулық бар: қоңырау шалушыға жәйлап ескертеміз, дауысты көтермейміз. Бұл өте қиын, бірақ арандатушылыққа берілмеуге тырысамыз. Қазіргі жағдай бәріне де ауыр екенін түсінеміз.Тыныштықты сақтау өте маңызды», – дейді Р.Диханбай.

Алмагүл Қабылтаева да онлайн кеңес беруші. Оның сөзінше, Call-орталыққа бір минутта 3-4 қоңырау түседі.

«Күніне 200-250 қоңырауға жауап беремін. Барлығына толыққанды жауап беруге тырысамын. Кейде балаларыма тамақ беруді ұмытып кетемін. Осындай қиын кезеңде халыққа пайдамды тигізуге тырысамын. Олар да еріккеннен қоңырау шалмайды. Өз білгендерімізді бөлісіп, алғыс алғанға не жетсін. Бәрі уақытша қиындықтар. Қазақстан халқы бұл қиындықты да еңсеретініне сенемін. Ең бастысы – бірлігіміз жоғалмасын», – дейді ол.

Мәлім болғандай, қазір ел тұрғындары «1414» Call-орталығына туу туралы куәлік алу, бала тууына байланысты жәрдемақылар, МАБ жазу, автокөлікке қатысты құжаттарды үйге жеткізу қызметі, жеке бас куәлігін алу, уақытша және тұрақты тіркеу, емханаға бекіту, автокөлік құралдарын есептен шығару және қою, автокөлікке тыйым салуды тексеру, жүргізуші куәлігін алу және ауыстыру, сондай-ақ қайтыс болу туралы куәлікті алу, жерлеуге арналған құжаттарды, техникалық паспорт, жер учаскесінің мемлекеттік актісі, жеке кәсіпкерлікті тіркеу және тағы басқа сұрақтармен хабарласады.

Бүгінгі күні электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен барлық мемлекеттік қызметтердің 80% алуға болады. Сондықтан азаматтарға ыңғайлы болу үшін жақында ЭЦҚ-ны онлайн алу сервисі іске қосылды. Карантинге байланысты көптеген азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйде алу үшін Мобильдік азаматтар базасында тіркелуі немесе ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Ал тіркелгенде олардың сәйкестендіру рәсімін растау үшін Алматыда 50 оператор жұмыс істейді. Егер азаматтың телефон нөмірі Мобильдік азаматтар базасында тіркелмеген жағдайда, жүйе оны ХҚО операторымен байланыстырады, ол азаматты бейнебайланыс арқылы сәйкестендіреді.

«Қазіргі күні қоңыраулар өте көп түсіп жатыр. Кейде клиенттің жұмысын толықтай өзің жасап беруге тура келеді. Қызықты жағдайлар да болып жатады. Бір-екі күн бұрын Дышыбаев Мұхит деген бір танысым видео қоңыраумен хабарласып, маған түсті. Мұхит өзінің әкесін Mgov mobile-ға тіркегелі жүгінген екен. Ол кеңес беріп отырған мені көріп таң-тамаша қалды. Камераның алдында әкесімен бірге отырып, бейнебайланыста болдық. Біз үшін мұндай жағдайда тілдесу қызықты болды, әрине. Әкесін тіркеп риза болған ол, көрсетілген қызметке алғысын білдіріп қоштасты», - дейді Алатау аудандық фронт-офисінің маманы Қаламқас Іргебаева.

Азаматтарға арналған үкіметтің осы күндері халыққа онлайн қызмет көрсетіп отырған тағы бір тобы – 3 мыңға жуық Әлеуметтік блог мамандары. Оның ішінде Алматы қаласы филиалының да 200 қызметкері бар. Қазақстанның 2,2 миллион зейнеткерінің зейнетақыларын уақытылы алуы осы қызметкерлерге байланысты. Төлемдер мен мүгедектікке байланысты жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, бала тууына байланысты және т.б. әлеуметтік төлемақыларды да аталған қызметкерлер жүзеге асырады.

«Сын сағатта барлық қазақстандықтар төзімділік, бірлік пен саналылық танытуы қажет. Біз де өзіміздің жұмысымызды адал орындауға тырысып жатырмыз. Өйткені, бүгінгі күні жауапкершілік таныту аса маңызды болып отыр. Карантин бізді көптеген нәрселерге басқаша қарауға үйретті. Ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуына мол мүмкіндік туды. Карантин кезіндегі осы уақытымыз балаларымыздың жеке басын қалыптастыру барысында өз іздерін қалдырады деп есептеймін. Сондықтан, карантин уақытының жағымды жағын көруге тырысамын. Екі сағат уақытты жолға жіберіп, барып-келудің де қажеті жоқ. Үйде отырып та жұмысқа үлгеріп жатырмын. Сондықтан, балалы аналарға келешекте де қашықтан жұмыс істеу жолын таңдау керек болатын шығар», - дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алмалы аудандық бэк-офисінің қызметкері Гүлбану Құрбанова.

Айта кету керек, бүгінде 608 мемлекеттік қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады, оның ішінде мамандандырылған бөлімдердің қызметтері де бар. Смартфон арқылы 60 қызмет түрін алуға мүмкіндік бар.

Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ халықтың электрондық үкімет порталын белсенді пайдаланып, сыртқа шықпай-ақ, бар жұмысын үйде бітіріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына жағдайлар жасауда. Қызметтерді онлайн ала отырып әркім өзін және жақындарын қорғап, ортақ қауіпсіздікке өз үлесін қосатынын білген жөн.




Соңғы жаңалықтар