Жүйелі түрде пара алып келген «Көкшетау» станциясының басшысына 18,7 млн теңге айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының Ақмола жол және жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты «Көкшетау» станциясының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, станция басшысы вагондарды кедергісіз жеткізгені және жедел жібергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алған. Сондай-ақ, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, бос тұрған вагондар үшін дебиторлық берешек сомасын азайтқан.

«Ағымдағы жылдың 13 маусымында Көкшетау қалалық сотының үкімімен күдікті сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 18,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Лауазымды тұлға өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот үкімінің заңды күшіне енген күнінен бастап 3 ай ішінде айыппұл төлеу мерзімі белгіленді», - делінген департамент таратқан ақпаратта.

Ұлттық бюро өкілдерінің айтуынша, сотталушы аталмыш айыппұлды төлемеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылады.

Соңғы жаңалықтар