Жүйелі түрде пара алып келген денсаулық сақтау саласының шенеуніктері ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық фактілерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің хабарлауынша, соңғы үш жарым жылда Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 400-ден астам жемқорлық фактісі анықталған. 191 адам жауапқа тартылып, 90 адам сотталды. Қылмыстың басым көпшілігі Түркістан, Қызылорда, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты 226 жемқорлық фактісі тіркелген. Оның 90% Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетіне және оның бөлімшелеріне тиесілі. Сараптамаға сәйкес, заңға қарсы әрекеттер медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар, науқастарға азық-түлік алудағы жымқырумен байланысты. Қызметке алудағы «қамқорлық», үстемеақы тағайындау, мүгедектік, заңсыз еңбекақы төлеу сынды бақылау-рұқсат беру функцияларын атқаруда жемқорлық жиі кездеседі», - дейді агенттік.

Медициналық қызмет төлемі комитетінің Павлодар облысындағы департаментінің басшысы Қазанғапов пен оның орынбасары Ақанаева бюджет қаражатын бөлу бойынша өңірдегі медициналық ұйымдардан жүйелі түрде пара алып келген.

Медициналық қызмет төлемі комитеті Түркістан облыстық департаментінің басшысы Қалыбекова және бөлім басшысы Жұмақов қамқорлық пен есепті табысты өткізу үшін облыстағы медициналық ұйымдардан бірнеше рет пара алған.

Нашақорлықтың медициналық-санитарлық мәселелері республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры міндетін атқарушы Иманбердиев «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқырып келген, мемлекеттік сатып алу келісімшарттарының бағасын жоғары етіп көрсеткен.

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Мусинов қарамағындағылармен бірігіп, прокуратура қызметкеріне дәрілік заттар шығынын тексеруін оң қорытындылау үшін 25 мың доллар пара берген.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қадыр өзіне бағынышты ұйымдардан жүйелі түрде пара алып келген.

Астана медициналық университетінің орталық директоры Әлижанов бас есепші Тасеменовамен бірігіп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне бөлінген мемлекеттік бюджеттен 36 млн 600 мың теңге жымқырған.

Қызылорда облысы тұтынушыларды қорғау департаменті басшысының міндетін атқарған облыстың бас санитарлық дәрігері Тұрғанбеков аудандық басқарма басшыларынан 30-50 мың теңге аралығында жүйелі түрде пара алып келді деген күдікке ілінді.

Соңғы жаңалықтар