Жүсіповтер отбасы: сыйластық, түсіністік - берік отбасының негізі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдық Жамбыл-Сымбат Жүсіповтер құқық қорғау органдарында еңбек етеді. Үйде де, түзде де жұптары жазылмайтын ерлі-зайыпты Отбасы күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасып, бір салада қызмет етудің артықшылығы, отбасылық ғұмырдың қызығы мен қиындығы туралы айтып берді.

- Жамбыл, Сымбат, Отбасы күні мерекесі құтты болсын! Бұл мерекенің елімізде тойлана бастағанына көп бола қойған жоқ, десек те өз шаңырақтарыңызда атап өтесіздер ме?

Сымбат: - Қыркүйектің әр екінші жексенбісі тойланатын Отбасы күнін біз де шаңырағымызда атап өтеміз. Бұл жолы да әке-шешелерімізді қонаққа шақырып, мерекелік дастарқан жайып, бірге тойлаймыз.

- Қашан, қайда таныстыңыздар? Махаббат хикаяларыңызды айтып кетсеңіздер.

Сымбат: - Менің ағам да қылмыстық атқару жүйесінде еңбек етеді. Жамбылмен кездесуіме осы ағамның үйлену тойы себепші болды. Ол күйеу жігіттің досы ретінде тойға келді. Мені сонда көрген ғой. Ол кезде телефон жоқ, электронды пошта арқылы хабарласып, хат жазысып тұрдық, кейін сөйлесіп кеттік. Жамбыл бір қарағаннан сабырлы, байыпты, сыпайы болып көрінді, кейін де оның тек жақсы қасиеттерін ғана байқадым. Адамға жақын, бауырмал, менің сенімді қорғанышым. 2013 жылы танысқан едік, 2014 жылы 11 шілдеде тойымызды жасадық. Қазір екі ұлымыз өсіп келеді.

- Жамбыл, Сымбаттың бойындағы қай қасиеттер сізді баурап алды?

Жамбыл: - Сол тойда Сымбат көзіме оттай басылды. Аққұба келген, бота көзді сұлу жүрегімді бірден жаулап алды десем болады. Сол жолы жақын барып танысуға жүрегім дауаламады. Сыртынан сүйсініп отырдым. Кейін электронды поштасын тауып, хат жазып жібердім. Қайткенде де сұлу бойжеткеннің көңілін өзіме бұруға тырыстым.

Сымбат сұлу ғана емес, өте ақылды, үй шаруасына да епті. Тағамды дәмді пісіреді, қонақ күткенді жақсы көреді.

- Екеуіңіз де құқық қорғау органдарында еңбек етесіздер. Жұмыс оңай емес, отбасылық тұрмысқа әсер етпейді ме?

Сымбат: - Жұмысымыз шын мәнінде оңай емес, кейде жолдасым екеуіміздің кезекшілігіміз қатар түсіп қалады, ондайда балалардың оқуына қарайтын, мектепке апарып-әкелетін әке-шешеміз. Балалармыздың тәрбиесі шетте қалып қоймасын деп ата-анамызды сұраймыз. Баламыз биыл бірінші сыныпқа барды, соның сабағына қарайды. Күйеуімнің де, менің де әке-шешем екі жақтап бізге көмектеседі. Сол кісілердің арқасында қазір біз алаңдамай жұмысымызды істеп жатырмыз. Ата-аналарымызға мың да бір рахмет айтамын, бізді қолдап, қасымызда жүріп, көмектерін беріп жатқандарына.

Жұмысқа қатысты бізде қарама-қайшылықтар, түсінбеушіліктер болмайды. Екеуіміз бір жүйеде еңбек еткендіктен бір-бірімізді толық түсінеміз, бір-бірімізді қолдаймыз. Бұл жұмыстың тұрмысқа кедергісі жоқ, керісінше біріктіреді.

- Сымбат, сізге бұл қызметті таңдауға не себеп болды?

Сымбат: - Мен 2013 жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінен экономист мамандығын алып шықтым. 2014 жылы СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС 164/1 мекемесіне бухгалтер болып жұмысқа орналастым. 2019 жылы аттестациядан өтіп, қазір бақылаушы болып еңбек етемін. Бұл мамандыққа келуге менің бала күнгі арманым себепші болды. Бала күнімнен форма киіп, әскери қызметші болғым келетін. Кейін өсе келе басқа мамандықты игеруге тура келді, тұрмысқа шықтым. Балаларым туғаннан кейін ол арманым уақытша ұмытылды. Балаларым өсе келе арманым қайта алдымнан шықты. Құқық қорғау органдарында жұмыс істеу ер адамдарға қарағанда әйелдерге қиынырақ. Ауысыммен түсеміз, түнгіге кезекшілікке қаламыз. Екінші күні үйге барғасын үй шаруасымен айналысуың керек. Бірақ, мен бұл таңдауды балалықпен емес, ақыл тоқтатып, өз еркіммен жасадым.

Мен сотталғандармен тікелей жұмыс істеймін, ішкі тәртіпті қадағалау менің міндетіме кіреді. Жазасын өтеушілердің қолына бөгде, рұқсат етілмеген заттардың: телефон, спирттік ішімдіктердің, есірткінің түспеуін қадағалаймын. Біздің мекемеде ерікті жалдамалы жұмысшылар да бар. Жазасын өтеушілердің соларға шабуыл жасамауын бақылаймын. Сотталғандардың өз-өзіне қол жұмсамауын да қадағалаймын, кейде олар өздеріне қандай жаза кесілгенін естігенде өздерін ұстай алмай қалады. Сондай бір оқиға менің кезекшілігімде болды. Сол күні тергеу мақсатында қамауға алынған әйел қобалжығандай болды, тыныш отыра алмады. Біз психологпыз да ғой, сол себепті бақылауды күшейттім. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты камералар жиі дезинфекцияланады. Енді бір қарап қалсам жаңағы әйел хлор қосылған сұйықтықты ішейін деп жатыр екен. Бірден тиісті іс-шара қолданып, әлгі әйел аман қалды.

Жамбыл 2010 жылы ЕС 164/1 мекемесінде бақылаушы болып бастаған. Екеуіміз 2013 жылы танысқанда Жамбыл аға бақылаушы болып жұмыс істеді. Қазір ЕС 164/6 мекемесі басшысының кезекші көмекшісі.

- Жұмыстан бос уақытта немен айналысасыздар?

Сымбат: - Жұмыстан босасақ бірден үйге жүгіреміз, балаларымыздың қасына. Сабақтарын оқытамыз, тәрбиесімен айналысамыз, бос уақыттың бәрін балаларымызға арнаймыз. Сол себепті сүйікті іспен айналысуға уақыт болмай жатады. Десек те ана сүтімен дарыған өнерлеріміз бар. Мысалы мен ән саламын, күйеуім шебер, оның қолынан келмейтіні жоқ, ағаштан, теріден түрлі бұйымдар істейді, тігеді де. «Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген бар ғой, балаларымыз да әкелерінің қасында жүріп, қайталайды.

- Отбасын берік ететін не?

- Жамбыл: - Форма киген қызметшілердің көп уақыты сыртта өтетіні белгілі. Сондықтан сүйікті жарыңның сенің жұмысыңды түсінгені маңызды. Бір салада жұмыс істегендіктен ортақ әңгімелеріміз де жетерлік. Сымбаттың да өзі таңдаған мамандығының жемісін көріп, антына адал еңбек еткенін қалаймын.

Сымбат: - Отбасын берік ететін нәрсе, ең біріншіден - түсіністік. Егер бір-бірін түсінсе онда отбасында ешқандай жанжал да, ұрыс та болмайды. Сыйластық болу керек. Сондай-ақ ерлі-зайыптының арман-мақсаты бір болғаны жөн. Біздің де көптеген армандарымыз бар, оның ішіндегі ең бастысы - екі ұлымызды еліміздің азаматы етіп тәрбиелеу, ер жеткізу. Жақсы тәрбие, жақсы білім беру. Жақсы мамандық иесі болса екен дейміз. Пенде болғасын көп нәрсені армандайсың ғой. Алайда отбасы ең бірінші орында тұруы керек.

- Сұхбатқа рахмет!


Соңғы жаңалықтар