«Жусан» операциясымен елге оралғандар психологтың көмегіне зәру

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Жусан» операциясымен елге оралғандар қазір оңалту орталықтарында. Олармен теологтар бірнеше ай жұмыс істейді. Теріс ағымға алданып, тұзаққа түскендер ең әуелі психологтың көмегіне зәру. Бұл көмек әсіресе от пен оқтың ортасынан оралған әйелдерге керек.

Біздің ел адасқандарға тағы бір мүмкіндік сыйлады. Әрине, қателеспейтін адам жоқ. Санасы уланып, жат ағымның жетегінде кеткендерге қолды бір сілтесек те болар еді. Бірақ онда біздің қазақтығымыз қайда қалады?! Қазақтан безіп, тұманды тағдырда адасқан жандарды кері қайтарып, қазақы ортаға қайта қоссақ - ұлы жеңіс сол болмақ. Сирияға кетіп, сандалғандардың қатарында қазақ отбасылар да жиі кездеседі.

Мен әңгімелескен жас қыз намазға бет бұрып, дәстүрді дәріптеген қарапайым отбасында өскен. Тұрмыстық жағдайы төмен болғандықтан ата-анасына жәрдем болсын деп небәрі 16 жасында Алматыдағы халал дәмханалардың бірінде жұмыс істеген. Сол кезде оған 1991 жылы туған оралдық жігіт сөз салып, ата-анасының рұқсатымен, қазақы дәстүрмен ұзатылып, тұрмысқа шығады. Жас отбасы Алматыда 3-4 айдай бірге тұрып, күйеуі «сақалмен мені бұл жақта ешқандай жұмысқа алмады» деп шетел асып кетеді. Белгілі спорт түрінен халықаралық турнирлерге қатысқан, шетелдерге жиі шыққан күйеуіне ешкімнің күмәні де болмайды. Араға 2-3 ай салып Стамбулдан телефон шалған күйеуі жақсы жұмыс тапқанын айтып, келіншегін жанына шақырады. Оған қыздың ата-анасы ұзақ уақыт келіспегенімен, «әйеліме өзім жауапкермін» деген күйеу баласының сөзіне тоқтап, 17-ге енді толайын деп тұрған қызын әуежай арқылы Түркияға шығарып салады. Ана жүрегі тыншымай, сол жерде бейтаныс жандарға қызын тапсырып әлек. Стамбулда қаракөз келіншекті бөгде азамат күтіп алып, күйеуі орналасқан пәтерге апарған. Ол жерде бір аптадай аялдағанда «Сені керемет бір жерге апарамын» деген күйеуінің сөзіне иланған кейіпкеріміз іштей «Күйеуім маған тосынсый жасағысы келіп тұр-ау, қандай тамаша жерге апарады екен?» деп тағатсыздана күткенін айтты. Алайда автобусқа отырып, Сирия шекарасынан өткенде жағдайдың мүлдем басқа екенін түсінген. Сонда да 1991 жылғы оралдық жігіт келіншегіне «Уайымдама, барлығы жақсы болады, өзім асықпай түсіндіремін» деп иландырған. Бірақ шекарада ерлер мен әйелдерді бөлек алып кетіпті. Содан 3-4 ай жат елде, күйеуінің жолын тосып, бойына біткен шаранасы да «түсік» болып, жапанда жалғыз қалғандай күн кешеді. Ал «келемін» деген күйеуінің Ирак асып кеткені жайлы ақпараттан кейін «шейіт» болды деген хабар жетеді. Ебін тауып елдегі ата-анасымен сөйлескенде, барлық жайдан хабардар болған олар «Жалғыз болма, қазақ жігіті болса, тұрмысқа шық, біз де уайымдамаймыз» деп кеңес берген. Сұрастырып, іздестіріп, дүйім көптің арасынан бұрын үйленбеген, Дубайда аз-кем арабша білім алған ақтөбелік жігітпен некелеседі. Елге оралу үшін барлық амалды қарастырып, «үнімізді өшіріп» жүрдік деген 22 жастағы келіншектің бүгінде екі қызы бар, тағы айы-күні жетіп отыр. Бірақ ол Сириядағы 5 жыл соғыстың салдарынан, жарылыстан басы жиі ауыратын болған, есте сақтау қабілеті нашарлаған.

«Сирияға барған соң бір жылдан кейін соңымнан ағам мен жеңгем келіпті. «Мені алып кетуге келген екен» деп үміттеніп едім, сөйтсем олар да алданып барған екен. Кейін ағам мінген көлікке бомба тасталып, күлі көкке ұшты. Үйдің жалғыз баласы еді, артында қызы ғана қалды», - деп өкініш білдірді ол.

Осындай бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар болса да, оларда ең басты ұқсастық – теріс діни ұстанымға еруі. Сұхбаттасқандардың ешқайсысы да тіпті Құран тәжуидін дұрыс меңгермеген, ақида, сенім мәселесі уахабизмге негізделген, тәкфірлік ұстаным бар. «Кімді тыңдадыңыз?» дегенде барлығынан «Дарын Мубаров, Халил шейх, Ринат Қазақстани» деген есімдерді естідік, арасында Саид Бурятский де бар. «Үш негіз», «Таухид» деген кітаптарды білеміз дейді, сол теріс сенімді дәріптеген кітаптағы түсініктің өзін дұрыс жеткізе алмайды. Діни сауаты өте төмен, оның өзі теріс ағымға негізделген. Дәстүрлі ханафи мәзһабының ұстанымынан мүлдем бейхабар. «Исламға кіргенде, дінді қабылдағанда» деген сөздерді қолданады. Ал шын мәнінде біздің халқымыз ислам дінін осыдан 13 ғасыр бұрын қабылдап, иман еткен. Кешегі кеңестік кезеңде де діннен қанша аластаса да, өздерін мұсылманбыз деп есептеген. Сондықтан «Исламды қабылдадым» деп өмір бойы христиан немесе мүшрік, дінсіздің күйін кешкендей сөз саптауларының өзі өрескел қателік, діни сауатсыздық екенін аңғаруға болады.

Көбі халқымыздың қанына сіңіп, дәстүріне айналған ата-ананы құрметтеу, ағайынмен ақылдасу деген қарапайым діни талаптардан тіпті алшақ. Ал бұл жағдайдың астарына үңілсек, жат ағымның жетегінде «жұмақ» іздеп Отанын тәрк ету шариғи тұрғыда – күнә.

Еліміздегі «Жусан» операциясы өз нәтижесін берді. Отанымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат екенін олар жат елде түсінді. Адам өмірі бәрінен де қымбат «Жусан» операциясы осыны тағы бір дәлелдеді.

Айша Кеңесбай

дінтанушы-журналист

Соңғы жаңалықтар