«Жусан» операциясы: Сирия жалғыз ұлымнан айырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанан Сирияға кеткендердің бәрі алданған деп айтуға болмайды. Адасып, теріс ағымды қабылдап, әдейілеп, өлім тілеп, жұмақ іздеп баратындар да баршылық. Экстремистерге көзсіз сеніп, өзі де террорлық әрекет жасамаққа Сирияға аттанған азаматар жетеді. Ең сорақысы күйеулерінің артынан бала-шағасын ертіп әйелдері кетеді. Солардың бірі - Әлия есімді келіншек (есімі өзгертілген-авт.). Ойланбастан шешім шығарған Әлия, қазір бармағын тістеп отыр. Қанша жыласада, өкінседе Шам елінде мерт болған ұлын қайтара алмайтыны анық. Ол жақында «Жусан» операциясы арқылы елге оралды. Оңалтудан өтіп жатқан қазақ әйелі ҚазАқпарат тілшісіне Сирияға қалай тап болғанын айтып берді.

Әлияның жолдасы мұсылман бауырлармен бірігіп халифат құрамын деп Сирияға 2013 жылы аттанған. Күйеуі шақырып қоймаған соң артынан бес баласын жетектеп өзі де кетеді. Олар Шам еліне жеткенше отағасы өмірден озып кетіпті. Шиттей бала-шағамен жалғыз қалған ол жесір әйелдер жиналған үйлердің бірін паналайды.

«Өзім сияқты жесір қалған әйелдердің қасында жүрдім. Біз бір күнмен ғана өмір сүретінбіз. Өйткені өліп кетуің мүмкін. Адамның жаны тәтті ғой қатты қорқатынбыз. Үреймен өмір сүрдік. Мен көбіне балаларды атыс шабыстан қорғап, үйде тығып ұстап отырдым. Қолда бар азық -түлікпен тіске басар әзірлейтінмін. Аш қалған күндерімізде болды.Тек соғысты ғана көрдік. Балаларымның үлкені 18- де, кішісі 6-да болды»,- дейді Әлия

Жолдасы жайында кеңірек айтып беруін сұрап, әңгімеге тартсақ та ол көп сыр ашпады. Өткен өмірі балаларына зиянын тигізеді деді ме екен, әлде лаңкестердің үрейін алғаны соншалық, артық ауыз сөз айтудан қорқып қалған ба, тіс жармады. Тек ол жақта өте қиын болғанын айта берді.

«Қалай қайтыс болғанын білмеймін. Бомбаға түсті ме, біреу өлтірді ме, оны ешкім айтпайды. Суретін де көрсетпеді»,- дейді ол.

Жолдасының не үшін, кім үшін барғанын сұрағанымызда білмеймін деп бір ауыз сөзбен қайырды. Өкініштісі Сирияға барып келіншек өз тағдырын ғана талапай қылған жоқ. Жалғыз ұлы сол жақта мерт болды. Ал, бір қызы мүгедек боп қалды.

«Сирияны жек көрем. 13 жасар ұлымнан айырылдым. Оған снаряд түсті. Сүйегі шашылып кетті. Сосын қыздарымды қайда жасырарымды білмей әбігерге түстім. Шаршадым, әбіржідім. Амалым таусылды. Басқа түскен соң көнеді екенсің», -деп Әлия көзін төмен түсірді.

Өлімді көре –көре еті өліп кеткенбе, әлде жылай-жылай көз жасы мен төзімі таусылған ба? Келіншек туған баласының қазасын айтқанда жыламады. Ал, өмірін тозаққа айналдырған күйеуін екі дүниеде де кешірмейтінін баса айтты.

« Жолдасым ол дүниелік болды. Алайда мен оны ешқашан кешірмеймін. Соның кесірінен айдалада аңырап қалдық. Қалтамда ақша болмағандықтан барар жерім, басар тауым болмады. Айнала қираған, бөтен ел, бөтен тіл, амалсыз көндім»,- дейді көпбалалы ана.

Әлия бұрынғы тыныш өмірін жиі еске алатынын айтып қалды.Ол Шам еліне аттанбас бұрын үй шаруасымен отырған. Ал отағасы базарда сауда жасапты.Тапқан табысы отбасын асырауға жететін. 2012 жылы намазға жығылыпты. Мешітке барып ел қатарлы мінәжат жасап жүрген. Бас аяғы бір жылдың ішінде жолдасы өзгеріп кеткен. Аяқ астынан «халифат» құрамыз « жиһат» жасаймыз деп Сириядан бірақ шыққан.

«Сирияда теріс ағымның өкілдеріне ілесіп, алданып жан-жақтан келген әйелдер көп. Қазақ, өзбек, қырғыз, орыс тіпті еуропа елдерінен де келгендер бар.Тілі де, діні де бөлек бола тұра олар қалай террористердің тұзағына түсіп қалды деген сауалға мен жауап іздеп таба алмадым»-деп қынжылады Әлия.

Әлия басынан өткен қайғы-қасіретті тезірек ұмытқысы келеді. Қазір ол «Жусан» операциясы арқылы елге оралды. Қыздарының бойындағы үрей мен қорқыныш тезірек жоғалса екен дейді. Қазақстанға оралғанына қуанышты. Енді ол бар ғұмырын төрт қызына арнамақшы.

Әлия сияқты радикал күйеуіне көзсіз сеніп, артынан опық жеп қалағандар баршылық. Әйел ең алдымен ана. Сондықтан балаларының қауіпсіздігі солардың қолында. Ал, жат ағымның жетегіне кетіп, бейкүнә сәбилерін соғыстың қақ ортасына апару бұл кешірілмес күнә. Сондықтан жалғыз ұлынан айырылған, қызының денсаулығын құртқан бұл бейбақ қазақ әйелінің әрекеті басқаларға сабақ болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар