Жұртшылық жұмыспен қамту жобаларынан уақытылы құлағдар болуы шарт

None
None
ыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Дағдарыс кезеңіндегі негізгі күш елімізде жаппай жұмыссыздықты болдырмауға бағытталған болса, қазіргі күннің өзінде біршама нәтижелер де көріне бастады. Мемлекет бір жағынан жұмыс орындары үшін шағын бизнеске, кәсіпорындарға қолдау жасаса, екінші жағынан өңірлерден жергілікті жұмыспен қамтуды бюджет есебінен ұйымдастырды. Яғни, биылғы Елбасы жолдауынан кейін  еңбекпен қамтудың жаңа жоспары жүзеге асып, жұмыссыздықтың жаппай белеңдеуіне жол берілмеді.

Мемлекет қазынасынан бөлінген қаражатқа сәйкес қазіргі күні жергілікті жердегі билік шығынды қайда, қалай жұмсауды анықтап, ендігі күні сол бойынша біртіндеп қаржыны игеруге де кірісіп кетті. Бұнымен қоса, әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейтуге және жастар практикасын ұйымдастыруға қатысты қаражат қарастырылғаны белгілі. Яғни, Үкімет Мемлекет басшысының жүктеген міндетін ойдағыдай атқарып келеді ‑ жұмыссыздық деңгейі бір қалыпта, отандық өндіріс, шағын және орта бизнеске қолдау баршылық. Елімізде алғашқы  тоқсанға қарағанда, жылдың екінші тоқсанында 3 пайыздық өсімге қол жеткізуі де соның дәлелі. Дегенмен де, жыл басындағы жағдайға байланысты туындаған қарбалас сәттер, одан кейінгі бюджеттік қайта бөліністерді ескере келе, еліміздің нақты дамуы қаншалықты деңгейде екенін осы тамыз айындағы көрсеткіштер анықтайтын болады. Өйткені, «Жол картасы» бойынша игеріліп жатқан қаражаттың нақты тиімділігі осы айдан бастап көрініс беруі тиіс. Әрі бұл тек экономика саласын ғана емес, еліміздің қаржы саласының да жай күйінің қалай екендігін көрсететін ай. Олай дейтініміз, теңге девальвациясына қатысты пікірлер айтылғанда (әсіресе доллар бағамын еркіндікке жіберу немесе ұстап тұруға қатысты пікірлерде) беделді сарапшылардың бірқатары ондай «дұрыс‑бұрыстың» тамыз айында байқалатындығын айтқан болатын.

 

Соңғы уақытта экономикаға да мұнай бағасына қатысты да жағымды жаңалықтар естіліп тұр. Әлемдік сарапшылар да «теріс» болжамдарға біршама түзету енгізгісі келетін секілді. Бұны да жақсылыққа жоруға болады. Ең бастысы, елімізде соншалықты абыржу болған жоқ. Есесіне  биылғы қиын‑қыстау жылы  басталып, экономикаға жан кіргізетін алып жобаларды жүзеге асыру келесі жылдарға да созылып, жалғаса беретін болады. Осының өзі бір жағынан жұмыс орны, екінші жағынан мемлекет қазынасы.

Ресми деректерге сүйенсек,  Үкіметтің өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясына сәйкес республика бойынша  4 мың  773 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынған екен. Оның ішінде, 795 жоба тұрғын үй құрылысы шаруашылығы нысандарына жөндеу жұмыстарына бағытталып, 80,4 мың жұмыс орнын құру көзделген. Қазіргі күннің өзінде бұнда 79,1 мың жұмысшы жайғастырылған. Сондай‑ақ 942 жоба жол‑құрылыс жұмыстары үшін қарастырылған болса, онда 54,8 мың жұмыс орнын ашу көзделеді. Бұдан басқа, 2 мың 248 жоба мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталып, оған еліміздің өңірлеріндегі жүз мыңға жуық жұмысшыны тарту көзделіп отыр.

 

Осылайша, жалпы республика бойынша Жол картасының бағыттарына сәйкестірілген жобалар негізінде 252,3 мың жұмыс орындары құрылып, онда 211,1 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұдан бөлек «Жастар практикасы» бағдарламасын қаржыландыру 3,1 млрд. теңгені құрайды, ал соның нәтижесінде 34 мың 452 уақытша жұмыс орындарымен қамтылады. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға бағытталған қаржы көлемі 5,5 млрд. теңгені құрап, ол бағытта  61 мың 248 жұрт жұмыс істейді. «Жастар практикасына» сәйкес жұмыс берушілер арасында тиісті келісім шарттар да жасалып жатыр.

 

Мінеки, еліміздің бүгінгі жағдайына, оның ішінде жұмыссыздыққа қатысты соңғы деректер көрсеткіші осындай жағымды сипатқа иеленіп отыр. Әрине, кейбір кездері сандық көрсеткіштер мен нақты жағдай арасында алшақтықтар орын алып жататыны болып тұрушы еді. Дегенмен де, Мемлекет басшысының Жолдауында ең алдымен жұмыс орындарын ашудағы жергілікті мәслихат пен әкімдіктердің рөлі ерекше аталып өтілген болатын. Еліміздің әрбір елді‑мекеніне дейін қаражат бағытталғаны да жарияланып жатыр. Сондықтан облыстық, аудандық өңірлердегі жұмыссыздық проблемасын шешудегі елге жарияланатын сандық көрсеткіштер халықтың нақты көңілінен шығып тұрса игі. Ол үшін де жергілікті жердегі жұртшылық жұмыспен қамту мәселесіндегі жобалардан уақытылы хабардар болып тұрғаны абзал. Тіпті қоғамның халық сайлаған мәслихатшылардан да, мәслихат бекіткен әкімдерден де қаражаттың қай жобаға қалай игеріліп жатқаны туралы ақпарат алып отырғаны орынды болар.

Соңғы жаңалықтар