Жұрт тамақты ғана емес, дәрі-дәрмекті де ретсіз ішетін болып барады - гастроэнтеролог

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарбалас жұмыс, қауырт тірлік халықтың лезде дайын болатын, жұта салып жүріп кеткенге қолайлы тағамдарды тұтынуға машықтандырып болғаны жасырын емес. Ал оның зардабын әуелі ас қорыту жүйесі мен бауыр, кейін бүкіл ағза тартады. ҚазАқпарат тілшісімен осы проблемалар төңіргенде әңгіме өрбіткен ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталық ауруханасының мамандары кейінгі кезде ішек ауруларының көп тіркеліп жатқанын айтады.

Дәрі-дәрмекті ретсіз ішетіндер көп

Гастроэнтерологиялық және эндокринологиялық қызмет бөлімінің меңгерушісі Гүлімай Жәділ кейінгі жылдары қазақстандықтар арасында ішек аурулары жиі тіркелетінін айтады. Коронавирустан кейін аутоиммундық сырқаттар мен бауыр аурулары да көбейген көрінеді.

«Метаболизмнің бұзылуымен байланысты аурулардың өсуі байқалады. Әрине, олардың өсуіне тамақтану сипаты әсер етуде. Бұл аурулардың дер кезінде алдын алмаса бауыр циррозына әкеледі. Фаст-фуд жеп, энергетиктерді, газдалған сусындарды ішу, тынымсыз өмір ырғағы, күйзеліске толы жүктемелер аталған ауруларды асқындырады. Тіпті уақтылы тамақтанбау, ұзақ уақыт ашқұрсақ жүру әсіресе жұмыс уақыты ретсіз адамдардың денсаулығында із қалдырып жатады», - дейді гастроэнтеролог.

Ең өкініштісі, адамдар ағзадағы ауырлықты сезініп, азабын тартып жүрсе де дәрігерге жүгінуге құлықсыз. Дәрігер кабинетінің алдында кезек күтіп, түрлі талдаулар тапсырып, әуре болғаннан әркімнің кеңесі бойынша қолына түскен дәрімен ағзасын алдарқатқанды оңай көреді. Дәрігерлер мұндай әдеттің пайдасынан зияны көп екенін ескертеді.

«Қазір кез келген адамның дәрі салатын қорабынан ыстық түсіретін дәрі табуға болады. Олар рецептсіз беріледі, сондықтан азаматтар оларды өз бетімен қабылдайды. Алайда, дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау токсиндік гепатитке, дәріден болатын панкреатитке соқтыруы мүмкін. Тіпті дәрінің дозасы мен уақытын сақтамау дәрі ішіп, соның кесірінен сырқатын асқыныдырып түскен емделушілер де болды», - дейді Гүлімай Жәділ.

Дәрігер халық арасында «таблетка» аталып кеткен түйме дәрілер асқазанның шырышты қабаты мен ішектерге әсер ететінін ескертеді. Мұндай дәрілердің әсерінен шырышты қабатта жара пайда болатыны дәлелденген екен.

«Ондай ауыртпалықты бірінші болып бауыр қабылдайды. Өйткені көптеген препараттар осы орган арқылы өтеді. Дәріден гепатит, панкреатит жиі туындап жатады. Бізге ыстық түсіретін дәрі-дәрмекті ретсіз ішіп түсетін наусқастар жиі келеді. 10 грамдық кәдімгі ацетаминофен токсиндік гепатит тудындататыны дәлелденген. Сондықтан пациенттерге мамандарға уақтылы жүгінуге және өз-өздерін емдемеуге кеңес береміз», - дейді маман.

Гастроэнтеролог белсенді биологиялық қоспаларға әуес болмау керектігін де айтты. Тіпті ондай қоспаларды ішу қажет болды дегеннің өзінде дәрігерден кеңес алған артық болмайды.

«Маман ұсынып, тағайындамаса, ондай қоспаларды қабылдаудың қажеті жоқ. Тіпті гипервитаминоз денсаулыққа дәрумендердің жетіспеушілігінен де қауіпті зиян келтіруі мүмкін. Кез-келген препаратты ойланып ішкен жөн», - дейді Гүлімай Жәділ.

Ал гепатолог дәрігер Айнұр Әмірқұлова белсенді биологиялық қоспалар мен құрамында парацетамол бар дәрі-дәрмекті рецептсіз ішетін адамдардың аты әр түрлі болғанымен заты бір дәрі ішіп жүргенін түсінбейтінін айтады.

«Айталық, «Терафлю» мен «Фервекстің» құрамында парацетамол бар дейік. Оның үстіне апарып парацетамол ішетіндер көп. Яғни бір типтес дәріні ретсіз ішу бір дәрінің дозадан асырып ішумен бірдей. Осының салдарынан дәріден туындайтын дәрілік гепатитке тап болады. Бір дәріні бір жылдан артық іше берсе, фиброз пайда болып, ушығады. Талшықты тіндер бауыр циррозының қайтымсыз сатысына әкеледі», - дейді гепатолог дәрігер.

Ең қауіптісі, бауырға зақым келгенін ағза тым кеш «айтады». Бауырмен байланысты сырқаттардың зертхана арқылы ғана анықталып жататыны содан көрінеді.

Қант диабеті жас талғамайтын болып алды

Орталық мамандары қант диабеті жас талғамайтын болып бара жатқанына алаңдаулы.

«Қант диабеті бар, қалқанша безінің аурулары бар, артық салмағы бар науқастар үшін дұрыс тамақтану өте маңызды. Пациенттердің осы санатына №9 кестені тағайындаймыз. Яғни, көмірсулар мен майлы, қуырылған тағамдардан шектейміз, жиі әрі аз-аздан, дұрыс тамақтануға үндейміз. Бізде инсулин терапиясына түсетін науқастар көп. Пандемиядан кейін қант диабетімен ауыратын науқастардың саны бірнеше есе өсті. Бұрыннан ауыратындардың сырқаты ушығып, жаңадан ауру жапсырғандар көбейді», - дейді эндокринолог дәрігер Жанар Әбдрахманова.

40 жасқа толмаған адамдардың арасында да қант диабеті жиі кездесетін болыпты.

«Бұрын қант диабетімен егде жастағы науқастар ауырса, қазір 40-қа толмай да ауыратын науқастар тіркелуде. Бұл тамақтануға, өмір салтына, гиподинамияға байланысты. Соның бәрі метаболизмнің бұзылып, салмақтың шектен тыс артуына, соның ізінше қант диабетінің орнығуына әкеледі. Сондықтан дұрыс өмір салтын ұстанып, ақуыз бен майға, көмірсуға бай тамақ тұтыну керек. Барынша көп қимылдап, ерте жатқан абзал», - деді дәрігер.

Маманның айтуынша, бала құрсақта болған кезде анасы ретсіз тамақтанса, кейін сол әдет баласына жұғуы мүмкін. Ал ондай бала күрт салмақ жинаса, қант диабетіне шалдығуы ғажап емес.

«Ана сүтімен көп қасиеттердің берілетіні рас. Сондықтан ана өзі үшін ғана емес, баласының ертеңі үшін де дұрыс тамақтануы керек. Егер анада артық салмақ болса, жүктілік кезінде метаболизмнің бұзылуы күшейеді. Бұл сонымен қатар нәрестенің метаболистік ақаумен тууына әкеледі. Баланың жатыр ішінде жатып басталған метаболистік ақау денесімен бірге жетіліп отырады. Яғни, ондай ақау бір күнде немесе бір жылда пайда болмайды. 40 жастан кейін адам қант диабеті сияқты эндемиялық ауруды дамыта бастайды. Оны «ХХІ ғасыр ауруы» деп атауға болады», - деп түсіндірді эндокринолог Құралай Шұғайыпова.

Эндокринолог баланың тамақтануын сәби кезден бақылау керектігін айтады.

«Мида тәбет және қанықтыру орталығы бар. Бала күнде жүйке жүйесі толық жетіліп үлгермейтіндіктен тамақ рецепторлары оңай бұзылады. Бала көмірсутек пен қант қосылған тағамдарды бір рет жеп көрсе, көмірсуға әуестік пайда болады. Тамақтану тәртібі осындай елеусіз сәттерден қалыптасады. Тәбет пен қанықтыру орталығы үнемі ағзаның аранын жылдам басатын азық іздеп тұрады. Ал сол тамақты қозғалыспен қорытпай, гаджетпен, телефонмен ойнайды. Осылайша жылдам тола бастайды. Оған жыныстық жетілу өзгерістері қосылып, ағза ретсіз жетіле бастайды», - дейді Құралай Шұғайыпова.

Маман жасөспірімдердің құнарлы тамаққа неге ұмтылып тұратынын да түсіндірді.

«Жасөспірім кезеңде жеткіншектер тәуелсіз болғысы келеді. Өз пікірім қалыптасты деген сеніммен ойын-сауық орындарына бара бастайды. Әлеуметтік ортасы түзіледі. Бала кезден қалыптасқан әдет бойынша ағза көмірсутек талап етеді. Ал тамаққа өз бетімен тапсырыс беретін жасқа жеткен жасөспірім құнарлы көрінетін арзан тамақтарға ұрынуы мүмкін. Мұның зардабы сол кезде білінбегенімен, жасы 40-тан асқаннан кейін гормондық өзгерістің күтпеген кезеңі басталады. Жыныс гормондары денедегі майды ыдыратуға бейім келеді. 40 жастан кейін ондай гормондар азаяды. Соның кесірінен метаболистік ақаулар күшейеді. Семіздік жыныстық дамуды кешіктіруі де мүмкін, ушықтыруы да мүмкін. Яғни, ерте жетіліп бастаған дене өсуін де ерте тежейді. Қазір осындай проблемамен жүгінетін ата-аналар көп», - деді эндокринолог.

Құралай Шұғайыпова баланың гаджетке кететін уақытын түрлі үйірмелермен жабуға кеңес береді.

«Тамақты компьютер алдында отырып шұқылап жеу сияқты зиянды әдеттер ұйқы безіне қосымша инсулинінің бөлгізеді. Бұдан күн санап метаболизм бұзыла береді. Баланың назарын гаджеттен үйірмелерге бұрған дұрыс. Қосымша сабақтар болуы керек. Бала уақытын дұрыс ұйымдастыру маңызды. Үшіншіден, тамақтану мәдениетін, ұлтымызға тән ас мәзірін өзгерту керек. Бізде көмірсулар мен ұн тағамдары басым. Одан кейінгі маңызды дүние – физикалық белсенділік. Міндетті түрде спортпен шұғылдану қажет», - дейді дәрігер.

Гастроэнтерология және эндокринология қызметінің дәрігерлері өңештегі асқынуларды, өт жолдарының созылмалы ауруларын, ұйқы безін, дәнекер тінінің жүйелі ауруларын, асқазан-ішек жолдарының зақымдануын емдейді. Тек емдеп қана қоймай заманауи тәсілдерді отандық медицнаға енгізіп келеді. Оған орталықтың ғылыми-клиникалық әлеуеті жеткілікті.

Мұндағы мамандар бүкіл дененің құрылымын талдауға мүмкіндік беретін InBody аппаратын меңгерген. Бұл жабдық бұлшықет құрамы мен майдың пайызын есептеп береді. Құрылғы адамның қанша килокалория қабылдап, қанша энергия жұмсайтынын есептейді.

«Біздің клиникада оңалту және қалпына келтіру терапиясының орталықтары да жұмыс істейді. Емдік дене шынықтырудың жеке кабинеттері бар. Онда жаттықтырушылар әр науқасқа жаттығулардың дұрыс мөлшерін таңдауға көмектеседі. Біздің мақсатымыз –пациенттерге дұрыс тамақтануды үйрету. Жаттығу терапиясының нұсқаушылары пациент әдеттегі өмірде біздің барлық ұсыныстарымызды орындауы үшін әр пациентке жеке жаттығулар таңдайды. Яғни, командамыз көпсалалы деуге болады. Біз эндокринологтармен, диетологтармен, гепатологтармен әр науқасқа дұрыс ем алу үшін жұмыс істейміз», - дейді бөлім меңгерушісі Гүлімай Жәділ.


Соңғы жаңалықтар