Журналистика біртіндеп роботтандырылады - «Татаринформ» агенттігінің басшысы

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - «Татаринформ» ақпарат агенттігінің бас директоры Шәміл Садықов елорда төрінде өтіп жатқан Astana Media Weeк фоурмына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Қала, оның дамуы таң қалдырды. Медиа форумға қатысу барысында жергілікті БАҚ-тың даму деңгейі өте жоғары екенін байқадым. Олар барлық трендтерді тыңғылықты қадағалап, өте белсенді жұмыс істейді екен. Дәл бүгін осы жерде көтеріліп жатқан мәселелер Ресейде де өзекті», -деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Сонымен қатар, агенттік басшысы қазақ тілі мен татар тілінің ұқастығын байқап, таңқалғанын да жасырмады. 

«Осы жерде отырып, қазақ тілінде сөз сөйлеушілердің не айтқанын түсіндім. Бұл мен үшін тосын сый болды. Татар мен қазақ - бауырлас халық. Бұл жерде өзімді үйімде жүргендей сезіндім. Себебі, сөз сөйлегендерді 99 пайыз түсіндім. Бұл - таңқаларлық әрі жанға жағымды әсер ететін жайт», - деді татарстандық мейман. 

nullШ.Садықов осыдан бір күн бұрын ынтымақтастық келешегін талқылау үшін Астанадағы «ҚазАқпараттың» бас кеңсесіне бас сұққанын, қос агенттік өзара іс-қимыл туралы меморандумды қол қоюға дайындап жатқанын айтты. 

«ҚазАқпарат» агенттігімен танысып, оның даму деңгейіне, басшылығының дұрыс бағыт-бағдар ұстанып отырғанына риза болдым. Біз ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою нұсқасын қарастырып жатырмыз. Дос болып, ынтымақтастықты жолға қойғымыз келеді. Себебі, Татарстан үшін, татарлар үшін Қазақстанның тыныс-тіршілігі өте қызық. Бұл жерде татарлар да көп тұрады және осы тақырыпқа қызғушылық бар. Менің түсінгенім, Қазақстан үшін де Татарстан қызық. Себебі, ол Ресейдің ең қарқынды дамып жатқан өңірлерінің бірі саналады. Демек, біздің агенттіктеріміздің ынтымақтастығы екі жаққа да пайдалы деп ойлаймын», - деді ол. 

Сонымен қатар, татарстандық мейман болашақта жаңалық журналистикасы қандай болатыны жөнінде ой өрбітті.

 «Ең басты трендтердің бірі - әлеуметтік желілердің дамуы. Болашақта БАҚ платформалы болады. Бүгінгі формат әлеуметтік желі трафигін жасау ретінде түсіндіріледі және ол келмеске кетеді. БАҚ әлеуметтік желілерде платформа құрады. Тағы бір жағдай, Ресейге жаңалық агрегаттарының ықпалы өте зор. Меніңше, Қазақстанда да дәл сондай жағдай бар», - деді мейман. 

Оның айтуынша, болашақта жаңалықтардағы негізгі тренд - ауқымды роботтандыру болмақ. 

«Жалпы, болашақ жасанды интеллектіде, жаңалыққа арналған платформаланған сервистерде және оған дайын болу керек. Жаңалық журналистикасы біртіндеп роботтандырылып, ал авторлық журналистика барынша қызықты бола түседі. Меніңше, бұл тренд Ресей мен Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән», - деді Ш.Садықов.

Соңғы жаңалықтар