Журналистерге қарсы қылмыстар қатаң бақылауға алынды – Ақпарат министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігі мәселесімен айрықша айналысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігі мен сөз бостандығы мәселесі министрліктің бақылауында. Журналистерге қатысты оқиғалардың бағасын тергеп-тексеруден кейін құқық қорғау органдары береді деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударып отыр. Дәл қазір болған фактілер бойынша алдын ала ақпарат немесе нақты бір дәйек айта алмаймын. Дегенмен журналистердің қауіпсіздігі мәселесі министрліктің қатаң бақылауында екенін еске саламын», – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ вице-министр бүгінде «Ашық НҚА» порталында «Масс-медиа туралы» ҚР Заңы жобасының тұжырымдамасы талқыланып жатқанын еске салды. Жұртшылық пікірін тыңдау 27 қаңтарға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бүгін ғана Мемлекет басшысы журналистерге қарсы бағытталған қылмыстарды мұқият тергеуді тапсырды.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім еткендей, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілерді де анықтау керек.

Фото: baigenews.kz


Соңғы жаңалықтар