Журналистердің «Болашақ» арқылы шетелде тағылымдамадан өтетін мерзімі белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Журналистер «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемге әйгілі ЖОО-ларда, ғылыми-зерттеу орталықтар мен ұйымдарда тағылымдамадан өте алады. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру басқармасының бас менеджері Гүлзат Асанбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда ол тағылымдамадан өту үшін шетелдегі жоғары оқу орны мен ұйымдарды қалай таңдау керек екенін түсіндірді.

«Тағылымдамадан конкурс жеңімпаздарының оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізіміне кіретін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының базасындағы шетелдік ұйымдарда, сондай-ақ әлемге танылған ғылыми-зерттеу орталықтарында, зерттеу науқандары шеңберінде ғылыми ұйымдарда, салалық ұйымдарда және өндірісте өте алады», - деді Г. Асанбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда қызмет етіп жүрген тілшіні шетелдегі оқу орны тағылымдамадан өтуге шақыртса, әр шақыртуды Халықаралық бағдарламалар орталығы қарап шығады.

«Әр шақырту мен құжатты менеджерлер егжей-тегжейлі қарап шығады. Бұл тұрғыда жауапты екі күннің ішінде береміз», - деді орталық өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, шетелде тағылымдамадан өтудің ең ұзақ мерзімі 12 ай, ал қысқа мерзімі бір ай болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша журналистер, режисерлер, операторлар, графистер әлемнің жетекші шетелдік ұйымдары мен ЖОО-ларында «Операторлық өнер», «Режиссура», «Журналистика», «Визуалды әсерлер. 3d анимация» және т.б. мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар.

Тағылымдамадан өтетін БАҚ өкілдерінің шетелдегі шығындары өтеледі. Сонымен қатар үміткерлер кепілге мүлік ұсынбайды.


Соңғы жаңалықтар