Журналистер жағымсыз ақпаратты неге көп береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев журналистердің жағымсыз ақпаратқа жақын тұратынын жеткізді. Соның салдарынан жағымды жаңалықтар көрінбей жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселен, күні кеше бізде баспасөз мәслихаты өтті. Сол жерде бес айдың қорытындысы жарияланған болатын. Біраз мәселе жемқорлықтың алдын алу шараларына арналды. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары оның бәрін берген жоқ. Жемқорлық үшін кім ұсталды? Қалай ұсталды? Соны ғана берді. Ақпараттық агенттіктердің бәрі солай істеді. Меніңше, бүгінде профилактикалық шараларды да кеңінен насихаттауымыз қажет», - деді А.Шпекбаев ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссияның кеңейтілген отырысында.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған үрдістің негізгі себебін түсіндірді. «Өкінішке қарай, ондай мәселе бар. Мысалы, қазір біз мемлекеттік қызметшінің адал еңбек атқарғаны үшін сыйақы алғанын жазсақ, оны ары кетсе, 200-ақ адам оқиды. Ал мемлекеттік қызметшінің парамен ұсталғанын 10 000 адам оқып шығады. Ал бұқаралық ақпарат құралдары жарнаманы көптеп тартып, ақша табуға тырысады. Жаңалықты адам неғұрлым көп оқыса, соғұрлым жарнама да көп түседі. Сол себепті журналистер жағымсыз жаңалықтарды көп береді», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев адал жұмыс істейтін мемқызметшілердің санын жариялады.  Агенттік басшысы ірі көлемде пара беру қылмыстарының көбейіп жатқанын да жеткізді.

Соңғы жаңалықтар