Журналистер қара базарды тексеру үшін адамның екі бас сүйегін сатып алған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рейтер агенттігінің екі репортері АҚШ-тағы адам денелері саудасын қыр-сырын зерттеу мақсатында өлген адамның екі бас сүйегі мен омыртқа жотасына тапсырыс берген.

 Бұл жайлы Рейтер агенттігінің ресми сайтында кеше жарияланған мақалада айтылады.

Ақпарат агенттігі адам денесінің мүшелерін сатып алудың қаншалықты оңай екенін, оларды медицинада пайдалануға жарамдылығын анықтау үшін осындай әрекетке барған. Алайда Restore Life агенттігінен бастың әрбірін небәрі 300 АҚШ долларына оңай ғана сатып алғанына тілшілер - Брайан Гроу мен Джон Шиффманның өздері де қатты таңғалған.

Журналистердің айтуынша, дене мүшелерін сату да, сатып алу да ешқандай заңға қайшы келмеген. Осы орайда бір айта кетерлігі, адам дене мүшелерін саудалауға АҚШ заңдары «жұмсақ көзбен» қарайды, дегенмен кейбір штаттарда дене саудасына заңмен қатаң тыйым салынған. Оның үстіне, елде бұл саланы заңгерлер, ғалымдар, мемлекеттік билік өкілдері қатаң қадағалауда ұстайды. Әрі дене мүшелерін сатып алудың алдында заңнамалық, этикалық және қауіпсіздік мәселелері жайын кеңесу үшін Миннесота университетінің Медицина мектебіндегі дене мүшелері донорлығы бағдарламасының жетекшісі Ангела МакАртурға жүгінеді.

Дене мүшелері саудагерлерімен келісім жасасуға тікелей өзі қатысқан МакАртурдың өзі де дене саудасының мұншалықты оңай болғанына таңданысын жасыра алмады. «Мен бұрын мұндайды көрмегенмін. Адамның басын бұлай оңай ғана сатып алуға болатыны жайлы тіпті білмейді де екенмін. Бірақ бұл органдар медициналық мақсатта пайдалануға жарамсыз. Мәйітті жерлеумен айналысатын ұйымдардың да қызметіне алаңдаушылық пайда болды менде», - дейді профессор.

Жерлеу бюроларының бірінің сөзіне сенсек, қайтыс болған туысын жерлеуге қаржы таппаған адамдар ерікті түрде оларға хабарласып, мәйітті сатып жібереді екен.

Агенттіктің есептеулеріне қарағанда, АҚШ-та 2011-2015 жылдар аралығында саудагерлер 50 мың мәйіт және 182 мың дене мүшесін саудалаған. Қазір Америкада тұтастай адамның мәйітін 3-5 мың доллар төңірегінде, ал жекелеген мүшелерді бірнеше жүз долларға сатып алуға болады.

Соңғы жаңалықтар