ЖУРНАЛИСТ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Журналистер мерекесі қарсаңында Президент Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев : "Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ", - деп жазды твиттердегі өз парақшасына. Бұл Мемлекет Басшысы тарапынан қазіргі замана талаптарына сай журналисттер қауымына жүктелген жауапкершіліктің аса ауқымды екенін айқын көрсетсе керек.

Осы орайда журналистика саласында ерекше еңбектерімен ел жүрегінен орын алған заманымыздың дара журналистері мен сол танымдылыққа ұмтылған жас дарындардың ой-пікір, көзқарастарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.


ВЛАДИМИР ПОЗНЕР

РЕСЕЙ, АҚШ, ФРАНЦИЯ АЗАМАТЫ, ЖУРНАЛИСТ

Мен үшін журналистика - өмір тағлымы. Қазіргі журналистика адамдарға информация беруден гөрі, олардың таным-түйсігіне ықпал етуші құралға айналды. Мен өзімнің телевизиялық шеберлік мектебімде тыңдаушыларымды классикалық журналистиканың нақты тәжірибелерінің тәліміне үйретемін.

Журналисттің міндеті мен парызы біреу ғана. Ол өз аудиториясына нақты информацияны жеткізу, билік пен өздерін қаржыландыратын бір партияның насихатына еріп кетпеуі керек. Яғни, тек шындықты айтуға дағдылану. Бұл менің принципім. Қашанда осы жолдамын. Қызметтен айрылудан қорықпаймын. Қаржылық жағынан ешкімге тәуелді емеспін. Рас, Совет Одағы кезінде мен мықты пропагандашы болдым. Кейінірек жалған дүниені дәріптеп жүргенімді білдім.

Кез- келген кісіні журналистикаға үйрету мүмкін емес. Бұл мамандық адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Эфирде отырғанда көрермендеріне жоғарыдан қарасаң ұтылғанын. Мәселе, экранның ар жағында сізді қарап отырған адамның жанында әңгімелескендей әсер қалдыруыңыз керек. Телевизияның тарлан таланты дейді ондай журналистерді. Ондай танымдылыққа тек тыңбай еңбектенумен жетесіз. Бұл мен өткен жол. Ізденіс, оқу, жалықпай жұмыс істеу - бұл менің ғұмырымның мағынасы. Онсыз журналистика жұлдызы болам деп армандаманыз. Журналистикада ақша мен көкелер қолғабысы жүрмейді.

Менің естумше жаңа Президенттеріңіз журналистердің өз төл мерекесі күнін белгілеуге тапсырма беріпті. Құрметті қазақ әріптестер, журналист деген жауапкершілігі зор мамандыққа лайықты адал қызмет істеңіздер.

МАХАТ САДЫҚ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист

Журналистер мерекесі - мемлекет пен қоғамның журналистерге артар жауапкершілігін де сараптап саралайтын күн деп ойлаймын.

Республика тұрғындарына Әлеуметтік желілердің ықпалы Телеарналардан басымырақ болуы кейінгі кезде айқын байқала түсті.

Кейбір телеарналар эфир рейтингі деген сылтаумен, қажетсіз тақырыптағы ток - шоуларға көп уақыт бөлуде. Олардың мазмұны мен мағынасы бұлыңғыр, көбі ерте замандағы аңыз бен ертегі негізіндегі ел аузындағы әңгімелерден құралады. Олардың нақты уақытта өмір сүріп отырған ел тұрғындарына ешқандай беретін пайдасы жоқ. Әйгілі телемаман , 85 жастағы В. Познер ешқашанда Ресей ток-шоуларына қатыспағанын айтады.

Себеп сөйлеп, пікір айтуға жиналғандар еш дайындықсыз келеді. Тек естіген өсек - қауесеттерін айғайлап айтып, босқа бет жыртысады. Халыққа моральдық та, материалдық та берер өнегесі, үлгі - тәрбиесі аз.

Республикалық телеканалдарындағы ток-шоу бұдан да сорақы. Сапасы мен мазмұны төмен. Эфирге қолы бос кез - келген кісі шақырылады. Сөйтіп, ешкімге қажетті жоқ бос ақыл айту жарысы басталады. Мұндайды атам қазақ: "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген. Яғни, пәтуәсі парықсыз сөз бәйгесі. Жалпы ежелден "Қазақ" ақыл айтудан әлемде бірінші орындағы ұлт деген мәтел бар. Осы эфирдегі көп сөз, артық "ақылдар" қазір тұрмысымызда да кең орын алды. Қоғамда жұмыс істеудің орнына "Үкімет қайда қарап отыр?"- деп, ақыл айтумен "сынаққа сылтау іздейтін" топ көбейе түсті. Яғни, мемлекет қаржысына мемлекеттік эфир арқылы қоғамымызға жұмысқа енжар, сөз бен сылтауы және "ақылды идеялары" таусылмайтын енжар жастар мен "жалаңтөс саясаткерлерді" өзіміз қолдан тәрбиелеп отырмыз.

Министрліктердің жасап жатқан жұмыстары да телеэфирден қажетті деңгейде көрсетілмейді. Ток - шоуларға тақырыпты жетік біле бермейтін орта деңгейдегі мамандар қатысады. Олар басшылары белгілеген шекарадан шыға алмай, сұрақтарға жан - жақты, мазмұны нақты мағыналы жауап бере алмай жатады. Содан да нәтижеде мемлекеттік қызметкерлер дәрежесі төмен деген ойды қалыптастырады.

Сол себептен де мемлекеттік эфирден ТОК-ШОУЛАРДЫ барынша азайту керек деп ойлаймын. Ток-шоуларды коммерциялық телеарналар жүргізсін.

АНДРЕЙ КОНДРАШОВ, ВГТРК Бас директорының бірінші орынбасары

Қазақстандық журналист әріптес - жерлестерімді төл мерекелерімен құтықтаймын! Өмірімнің мағынасына айналған бұл мамандықты Алматыда бастадым. Қазақ елінің жаңа Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев келесі жылдан журналисттердің жеке мерекесі күнін белгілеу туралы Үкіметтеріңізге тапсырма берген екен. Қолдаймын.

Қазір журналистика саласы нағыз қан майданның ортасы. Дүниежүзіндегі қай медианы алмаңыз, кейінгі жылдары журналистика толық өзгеріске ұшырады. Пропаганда барлық жерде, барлық елде өрлеп тұр. Журналистика принципі пропаганда жетегінде кетті. Біздің ғасыр қарама - қайшылықтарға толы. Әркім өз жолын ақиқат санайды. Соғыста қолданатын айла - тәсілдердің барлығы да журналистикаға келді. Украиндық әріптестер де өз Отаны жүктеген парыздарын орындап жүр. Оларды да Үкіметі тиісті наградаларымен марапттауда. Өркениетті елдерде де көптеген журналисттер билік тарапынан жиі марапатталады. Француздық талай әріптестерімді білемін. Күртешелеріне орден - медальдерін мақтанышпен тағып жүреді. Менің де еңбегімді ескеріп, біршама сыйапатқа ие болдым. Және оны Ресей мүддесі үшін адал қызметіме алдым деп есептеймін. Президент Путинмен бір әңгімемде наградаларды журналисттер емес, нағыз оқиғаға қатысты адамдар алуы керек дегем. Сонда Путин: "Олар да өз марапатын алатын болады" деген. Президент дұрыс айтады. Награданы билік шешеді. Бәлкім президенттің өз шешімі де болар.

АРМАНЖАН БАЙТАСОВ, «МедиаАльянс» ҚБ Президенті

«МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылары есімдері танымал журналситтер. Біздің мақсатымыз еліміздегі медиақауымдастық пен медиаиндустрия мүдделеріне сай қызмет істеу. Медиасфераның қоғамымызда орны үлкен. Әрі ол бизнесте де ауқымды роль атқарады. Біздің салада мыңдаған адамдар қызмет істейді. Замана талабына сай осы журналисттерді қорғайтын бірлестік қажет екенін уақыт көрсетті. БАҚ саласына қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде журналисттер мүддесі қағыс қала береді. Соны бақылап отыратын, билік алдында өз правомызды нақты қоя алатын қоғамдық күшке айналу басты жоспарымыз.

Кейінгі жылдары БАҚ және журналисттерді сотқа беру жиілеп кетті. «МедиаАльянс» осындай сәттерде екі тараптағы келіспеушілікті сотқа жеткізбей пәтуәге шақыратын мәмілестірушілік роль атқармақ. Қалай болғанда да әріптестерімізбен бірге болып, қашанда қамқорлық қолғабысын ұсынатын салиқалы қоғамдық бірлестікке қол жеткізбекпіз.

ВИКТОР КИЯНИЦА, «Комсомольская правда в Казахстане» и «Аргументы и Факты - Казахстан» газеттерінің Бас редакторы

Мереке - өткен сәтті таразылау, нәтижелерден қорытынды шығару. Кәсіби мереке - өмір өлшемі. Әріптестерімді маусымның соңғы жексенбіде аталып өтетін «Байланыс және информация қызметкерлерінің мерекесі күнін» соңғы рет бірге меркелейтінімізбен құтықтаймын. Президент Қасым - Жомарт Тоқаев Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма берді. Енді өзімізде жеке мереке күні болады. Бұл тұста атап өтерлік мәселе Мемлекет Басшысы: «Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ» деуі біздің тарапқа ерекше жауапкершік жүктейді.

Бұл журналист қауымына көрсетілген құрмет қана емес. Бұл биліктің барлық тармағы мен қоғамымызға барар жолымыз бен бағдарымыздың сипатын бейнелеген белгі.

Бұл белгінің маңызы ерекше. «Журналистика» деген құрметті мамандықтың өзіндік принциптері мен қасиеттерін қоғамымызда қайта жаңғыртуымыз парыз. Әріптестерім де менімен келісер деген ойдамын. Бұл контекске ел Президентінің өзі бастау салып отырса - біз үшін ерекше құрмет.

Жаңа мерекеміз - журналистика мерейін биіктете түссін деймін.

АРМАН ШОРАЕВ, ҚР «Qazaq kuresi» федерациясының президенті


Тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылында еліміздігі журналистика әлемдік өркениет үрдісінде дамыды. Осы жылдары мықты мамандар шықты. Телеарналарда әлі де көрермендер, сол кездердегі ұмытпаған бағдарламаларын қимастықпен еске алады. Және ауыз толтырып айтарлықтай сапалы хабарлар көп еді. Атап өтерлігі олар коммерциялық каналдарда ғана емес, мемлекеттік телеарналарлда да аз болмады. Біздің замандастар нағыз сараптамалық - зерттеу бағытындағы телебағдарламаларды көріп қана қойған жоқ, оны өздері эфирге әзірледі.

Мен өз тарапымнан журналистерді арнайы даярлайтын Жоғарғы оқу орны қажет емес деп есептеймін. Журналистика диплом алумен келетін мамандық емес. Журналист бесаспап болуы міндет. Білімін дамылсыз дамытуы парыз. Қашанда шындықты айтып, жазып көрермен-оқырманына нақты информация жеткізуімен құнды.

Мен БАҚ басшылығынан кетсем де, өз аудиториямды жоғалтқан жоқпын. Әлеуметтік желіде көрген - білгенімді жазып, журналисттік мамандық міндетін атқарып жүрмін деп ойлаймын.

СЕРІК ЖАНБОЛАТ, журналист

Бұл сұраққа жауап беру әруақытта қиын болған және одан әрі қиындай береді. Өйткені, бір БАҚтың мойнында қанша жүк бар? Ол-ақпарат беруші, ол - шындықты айтушы, ол - имидж жасаушы, ол- бизнес құралы, ол - жарнама беруші, ол- басшының сөзіне түсінік беруші, ол - жаңалық іздеуші, ол - баспасөз қызметі, ол - спичрайтер, ол - редактор, ол - тілші, ол - терминдердің мағынасын іздеуші ол - публицист. Басқа елде қалай екенін қайдам, бізде дәл осылай. Енді осылардың ішінен журналистің міндеті мен қоғамдағы орнын дәл тауып көріңіз. Оның үстіне қырық құрау қоғам, әртүрлі қаржылық топтар мен бірлестіктер, діншілдер мен атейстер, оңшылдар мен солшылдар, байлар мен кедейлер, батысшылдар мен шығысшылдар, арабшылдар мен ұлтшылдар, билік пен халық, технологтар мен көнешілдер болып мыңға бөлінетінімізді қайда қоясыз? Міне, осндай жағдайда қазақ журналистикасына ортақ критерий, бір болмыс таңу мүмкін бе? Міне, осы мың сан шытырманнан жол тауып, өзінің адами да, азаматтық та болмысын жоғалтпай, ақшаға да, патшаға да сатылмай еліне шын мәнінде адал қызмет етіп жүрген адамды ғана мен шын журналист дей аламын. Ондай азаматтар бар ма бізде? Бар. Және көп олар. Біз оларды көрмей жүрміз. Немесе, олар туралы ойланып көрген жоқпыз. Сенбесеңіздер, қасыңыздағы әріптестеріңізге ойлы көзбен қараңызшы. Абыройдың аспаны соның иығында тұрғанын байқайсыз. Тоқетерін айтар болсам, мен үшін журналистиканың қара нары, ары мен абыройы Алдан Айымбетов болатын. Ал, қазір кім деп сұрасаңыз, мен, Ермұрат Бапиды атайтыным анық. Бұл журналист ретіндегі шындығым.


АҚШОЛПАН КОЙЧИЕВА, Би-Би-Си продюсері

Би-Би-Си Қырғыз кызметі 1996 жылдан эфирге шығып келеді. Аптасына эфирге 5 күн 15 минуттық тележаңылыктар береміз. Ю-тюб каналы, интернет сайты тұрақты жұмыс істейді. Бұған қосымша ай сайын жарым сағатык "Сапар" теле программасын шығарамыз. БиБиСи корпорациясында даярланған қызықты программаларды кырғыз аудиториясына ұсынамыз. Өзіміз де документалды фильмдер дайындаймыз. Димаш Құдайбергенов туралы телефильмді Би-Би-Си брендімен эфирден көрсеттік.

Би-Би-Си Ұлыбританияның қоғамдық телевидениесі. Би-Би-Си ел тұрғындарының телевизорға салынатын салығынан түскен ақшадан қаржыландырылады. Айталық, егер үйіңізде екі телевизор болса екі есе, ал үш телевизор болса үш есе көп салық төлейсіз. Бұл салық мөлшері аз емес, айтарлықтай сома. Мемлекет үшін қоғамдық телевидениенің маңызы үлкен. Дүниежүзінің елу шақты елінде қоғамдық телевидение бар. Барлығының ұстанымы біреу, ол - ақпараттық тәуелсіздік. Қоғамдық телевидение жеке капиталға да, биліктің ықпалына да тәуелді емес. Сондықтан да оны сол елдің тұрғындары қалталарынан ақша шығарып қаржыландырады. Шындықты айтуды талап етеді.

Құрметті қазақ әріптестер, сіздерді мерекелеріңізбен құтықтаймын. Журналисттер күні деген датаға ие болатын болыпсыздар. Игілікті, абыройлы мамандықта алар асуларыңыз биік болсын!

ЖАНАР ЖҰМАБАЕВА, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Журналист өзінің әлеуметтік мақсатын сезінуі керек. Бұл мамандықтың өкілдері жоғары әділдік сезіміне ие болуы міндет деп ойлаймын. Олар қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстарды қамтамасыз етеді. Журналист әртүрлі ақпаратты қабылдауға және көптеген салаларда құзыретті болуға, материалға терең енуге, белгілі бір энциклопедиялық сипатқа ие болуға дайын болуы керек. Журналистің басты сапасы - қызығушылық, таң қалдыру және ақпаратты бейтараптандыру. Қазір мен Венгрияда тұрамын, жергілікті телеарналарда және баспасөзде ақпарат пен жаңалықтарға жүгінемін. Венгрияда тiкелей эфирде көп жаңалықтар айтылады. Әр түрлі партиялардың өкілдерімен сұхбаттасу өтіп жатады. Газеттер тек қана өз елінен емес, бүкіл әлемнен ақпарат береді. Мысалға, мен Венгрия газетінен Қазақстанға латын тіліне көшу туралы жаңалықты білдім. Қазақстандық журналистика қоғаммен ашық диалогқа ұмтылу керек.


ОЛЖАС БЕРКІНБАЕВ, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Қазіргі журналистикада кәсіби түрде әр саланы терең талдайтын салалық журналистика қажет дер едім. Мәселен, денсаулық сақтау, білім, мәдени, әскери журналистикаға қоса бүгінгідей аспан асты ашық кездегі мол мүмкіндік тревел журналистика мен нон-фикшн жанрындағы материалдардың көп болғаны дұрыс шығар. Осы орайда, қоршаған орта мен әлем елдері туралы американдық бір журналистің сұxбаты есіме түсіп отыр. Ол жыл сайын қыс айларында - Стамбулда, жаз айларында - Бангкокта тұрып, әлемдік газеттер мен сайттарға Азия мен Африка елдеріндегі жағдайлар туралы оқиға орнынан ақпарат таратады екен. Себебі, екі елдің астанасынан ұшу ыңғайлы, билет арзан көрінеді. Меніңше - бізге де осындай деңгейге жету қажет секілді.

Одан бөлек, конвергенттік журналистиканы игеріп, фактчекиңгпен жиі жұмыс істеу де артық етпес. Қазіргідей заманда ізденген адамға журналистикада мүмкіндік мол. Өткен жолы Зеленский қазнетте xит болған заманда, оның әлеуметтік желілердегі парақшаларына сұxбат алғым келетінін айтып, xат жазғам. Бір жарым ай болды, әлі сөйлесіп жүрміз. Жаңа әрі жас Президенттің уақыты тығыз дейді. Білетіндер бес-алты айдан бір жылға дейін күтесің дейді. Дегенмен әлеуметтік желі әлемді аралаған тұста, осындай деңгейдегі түрлі тұлғалардан сұxбат алып, материал жазу да қиын іс емес сияқты.

ӘСЕЛ ЕРГЕШҚЫЗЫ, журналист

Әлемдік ақпарат кеңістігін еркін шарлап, материалды талдап, сараптай алу үшін, бүгінгі журналистке тіл білу - маңызды. Ағылшын тілін, әсіресе. Біз осы жағынан ақсап тұрмыз. Бірең-сараң болмаса, көбіміз әлі күнге дейін орыс тіліндегі ақпараттарды ғана қараймыз, салыстырамыз. Әлеуметтік желілерді қолдану қарқынды дамып тұрған сәтте мобильді журналистиканы меңгеру де өте қажет бізге. Яғни, қолымыздағы смартфонды кәсіби мақсатта пайдаланып, кез келген жерден фото-видео репортаж жасап, жылдам ақпарат тарата алуымыз керек.

Блог. Бұл қазір трендтегі сөз. Журналисттің видеоблог жүргізуі. Еркіндік басымырақ бұл жерде. Сәйкесінше, көрермен де көп. Бүгінде ютубта қазақ тілді аудитория артып келеді. Тек, біз тың, сапалы, сауатты контент бере алмай отырмыз. Бәрі бір - біріне ұқсайтын сұхбаттар. Жүргізушісі ғана бөлек, кейіпкерлері - бір: актер не әнші. Танымдық жобалар мен қызықты блогтар жетіспейді. Жалпы, жан-жақты, полиглот, мобильді журналистке қоғам қашан да зәру ғой...

Соңғы жаңалықтар