+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Журналист жауапкершілігі: Әріптестер лебізі

2020 жылғы 28 маусым 11:00
Бөлісіңіз:
Журналист жауапкершілігі: Әріптестер лебізі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Былтыр Журналистер мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ», - деп жазған еді Twitter-дегі өз парақшасына.

Ұқсас жаңалықтар
Желіде Виктор Цой әндерінің негізінде түсіріліп, қашықтықты сақтауға үндеген бейнеролик шықты Жақсылық Үшкемпіров Кеңсай зиратына жерленді «Қазақалтын» Степногорск көпсалалы ауруханасына қолдау көрсетті

Бұл Мемлекет басшысы тарапынан қазіргі замана талаптарына сай журналистер қауымына жүктелген жауапкершіліктің аса ауқымды екенін айқын көрсетсе керек. Ал, «Ана тілі» газетіне берген кешегі сұхбатында Мемлекет Басшысы: «телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет», - атап өтті.

Бүгін Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні! Осы орайда журналистика саласында ерекше еңбектерімен ел жүрегінен орын алған заманымыздың дара журналистері мен сол танымдылыққа ұмтылған жас дарындардың ой-пікір, көзқарастарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Нұртілеу Иманғалиұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі:

Бәрекелді, әріптестер! Жылына бір мәрте абыр-дабыр болып, берекеміз кіріп, еленіп-ескеріліп қалатын журналистер күні мерекесімен құттықтаймын! Меніңше, біз кешегі «төртінші билік» деген статустан ада қалсақ та, журналист бүгін әлі де өзінің «қоғамның барометрі» деген атауын жоғалта қойған жоқ.

Бір жағы күмән, бір жағы тұман, ұры-қары, бетсіз біткен жаппай байлыққа кенеліп, тексіз біткен төрге озған мына қуаяқ заманда мұхитты дауылға жиі ұшырап қала беретін біздерді, журналистерді бағалау критерийлері (тетіктері) де ала-ғұла. Ұяты бар деген аға-інілеріміздің бір парасы ұятсыздар ұстанған жолға түсіп, солардың ойын-тәртібімен келіскендіктерін өмір сүру салтына ұялмастан айналдырып алды. Сұмдық болса да, осы шындық. Сөзден қадыр қашты, адамнан ұят безді. Кім көрінген телевизияның төріне ұмтылды, газет таралымы үлкен проблемаға айналды. Кітап оқылмайды, бірақ көп басылады. Журналистикаға қатынасы жоқ, алайда оның қуатын білетіндер бұл киелі мамандықты кәсіпке айналдыруға барын салуда. Біз журналистика мамандығын таңдамаймыз, мамандық бізді таңдайды деген қасиетті ұстаным адыра қалды. Ал, нағыз журналистика ұлттық санаға әсер етсе керек-ті. Ол сол ұлттық сананы не биікке көтереді, не құлдыратады. Бір мысал: Ұлыбританияның Оксфорд Университеті жанындағы Орталық Азияны зерттеу ғылыми орталығы мен Франциядағы Сарбона Университетінің ғалымдары бірігіп, 1985 жылы ХХ-ғасыр басындағы мерзімді қазақ бапасөзі туралы жаза келіп, Алаш зиялылары мен «Қазақ» газеті қазақ қоғамында мәдени төңкеріс-мәдени ренессанс жасады деп бағалаған екен. Ресейде де, кешегі кеңестік кездегі біліктілікті жетілдіру институты бүкіл орыс телеарналарының стратегиясын анықтайтын академиктер мен профессорлардың басын қосқан ғылыми орталық болып қайта құрылды. Ал, біз ХXI-ғасырда тәуелсіз елімізде неге өзіміздің журналистиканы зерттеп, зерделейтін, таразылайтын ғылыми орталық құрмаймыз. Әлемдік журналистиканың тенденцияларын таразылап, озық үлгілерін әкелетін ұлттық журналистиканың ерекшеліктерін бағамдайтын, сөйтіп ғылыми көзқарас қалыптастыратын, оның өсіп-өнуіне әсер ететін ғылыми орталық керек екені анық. Ол Үкімет қасынан жоқ дегенде біздің министрлік жанынан құрылғанда ғана діттеген дәрежеде жұмыс істейді. Қалай десек те, бүгінгі қазақ журналистикасы өзінің ұлтына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қазіргі заманның жетік технологиясымен қал-қадірінше қаруланған, мемлекетіміздің рухани ұстынын ұстап түрған, қоғамдық сананың қозғаушы күші. Бірақ, өкінішке қарай, біздің сала ғылыми айналымға толық түспей тұрған институт.

Егер, алда-жалда осы арман-тілектің таңы ата қалса, журналистикаға тікелей байланысты көптеген проблемалар өзінен-өзі күн тәртібінен түсіп қалар еді. Міне, сонда мемлекеттік деңгейде ұлт қадырын қайтару процесі жылдамдар болар. Ал, қадыры мықты халық ешқашан өтірік айтпайды, қылмысқа бармайды, жемқор болмайды, Отанын сатпайды. Міне, сонда журналистиканы өнер дәрежесіне көтерген кешегі Әзілхан, Камал, Шерхан, Совет, Сейдахмет, Оралхан ағаларымыздай, бүгінгі Жанболат, Несіп, Қайнар, Әлімжан, Бауыржан (Омар), Нұртөре, Қали, Ләззат (Танысбай), Ринат, Серік (Жанболат), марқұм Бейсен, Серік (Әбікен), Рахымжан (Өтеміс) т.б. тұлғалар қатары әлдеқайда көбейіп, мықты мектеп қалыптасары сөзсіз.

Міне, сонда қайбір өткен мәселеге байланысты ашық, анық, нақты пікір айтарымызда ұят болады, ұят болады деп, сол ұяттың өзінен ұят болмаса еді. Міне сонда, қоғамда бәрекелді дейтін ірі орта қалыптасар еді. Десек те, ашық, анық, армандауға болатын қоғамда өмір сүріп жатқанымызға да шүкір! Бүкіл әлемнің ішін тартқызып, адамзатқа үрей үйірген, түсінікті де, түсініксіз бүгінгі індет кезінде дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріндей қалтқысыз қызмет жасаудың үлгісін көрсеткен журналистер армиясын өзінің төл мерекесімен шын ықыласпен, ақ ниет, нұр тілеумен құттықтаймын. Табыс тілеймін! Намыс

қалдырмасын! Мерекеміз берекеміздің бастауы болғай! Тағы да ББҚБ (Бәріміз бай-қуатты болайық)!


Вячеслав Умановский, Секретарь Союза журналистов России, Ректор Академии Медиаиндустрии:

Дорогие друзья, поздравляю вас с днем журналистики Республики Казахстана, который отмечается 28 июня! Журналистика не терпит людей случайных. В нее приходят только те, кто понимает, что это общественная деятельность. Правильно говорят, что журналистика не имеет возраста. В профессии остаются, как правило, те, кто пришел в нее по большой любви,

Часто приходится слышать, что журналистика — сфера творческая, мол, достаточно таланта. Увы, без четких знаний, умения отличить одно от другого, стать хорошим журналистом невозможно.

Есть по меньшей мере два качества, обязательные для журналиста: открытость новому и критическое мышление. И чисто профессиональное наблюдение: интересные мысли рождаются, как правило, в итоге сомнений на базе того или иного явления. Люблю свое дело за непредсказуемость. Никогда не знаешь, с каким человеком сведет тебя завтра судьба. Иногда случайная фраза, просьба малознакомого человека расследовать ситуацию, куда-либо съездить и помочь, меняют твои ближайшие дни, а то и недели. Журналист не должен сидеть в кабинете. Его оружие — слово, а слова рождаются на свободе и только среди людей. Мой совет партнерам по журналистскому цеху: всегда ищите в любом объекте вашего внимания что-либо новое, нет однозначности в жизни. Нашими героями должны быть люди, делающие открытия, которые меняют нашу жизнь к лучшему. Люди, которые уверены, что невозможное сегодня станет возможным завтра.


Құрманбек Жұмағали, «Астана» арнасының директоры:

Қазіргі ақпараттық технологияның қарыштап дамып жатқан уақытында журналистикаға, жалпы БАҚ-на қандай да бір өзгеріс енгізілуін қалыпты жағдай деп қабылдаған абзал. Алайда, бұл тенденция – журналистиканың басты принциптеріне, кәсіби ерекшеліктері мен басқа да құндылықтарына кері әсер етпеуі керек. Бұл өзгерістерді журналист не БАҚ өкілі өз жұмысын жеделдетіп, сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерілуінде сәтті пайдаланса, одан ұтпаса, ұтылмайды. Ойланып қарасақ, ақпараттық технология - аудиториямен жұмыс істеуді әжептәуір жеңілдетіп, түрлі креативті шешімдерге жол ашады. Сондықтан, журналист – өзіне берілген әу бастағы функционалдық міндеттеріне адал болса, халық пен билік арасындағы алтын көпір принципіне құрметпен қараса, кәсіби тұрғыдан сапаның жаңа белесіне көтеріледі. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Газет- халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқан қанатты сөзін бүгінгі әріптес-журналистер адалдық, аманат деп

қабылдауы тиіс. Расында солай. Мұны Алаш аманатына адалдық, Алаш рухына тазалық деп қабылдайық.


Айдос Жұқанұлы, журналист:

Журналистердің жартысы жауапкершілік дегеннен қорқады. Қалған жартысы жауапкершілік дегенді білмейді немесе қашады, пәлесінен аулақ деп тек мақтау жаза салады. «Әуелі сөз болған. Ол құдаймен келген. Сөз – Құдайдың өзі». Інжіл. Қазір сөзіне жауап беретін әріптестер аз. Сөзден, уәдеден қасиет қалмады ғой. Сөзге мән бермейді. Қалай болса, солай сүйкей салады. Сөзіне жауап бере алмаса, ол адамды журналист деп атау қиын. Мысалы, телеарналардағы бағдарламалар мен жаңалықтарда кадр сыртындағы мәтіндердің кейбірін түсінбей қаласың. Мәнсіз судыраған сөздер. Ол сөзге қалай жауап берсін?! Өйткені журналистің өзі не жазғанын түсініп отырған жоқ. Я болмаса, өзі ғана түсінеді, бірақ қарапайым халыққа, қарапайым тілмен жеткізуді білмейді. Ал қысқа да қарапайым (қарабайыр емес) жазу үшін білім, өре керек. Өресі жетпейтін журналистсымақтар көбейіп кеткен. Себебі олар біріншіден кітап оқымайды, екіншіден оларды оқытып шығарған факультеттер дұрыс білім бермейді. Журналистикада білім алу үшін де талант керек. Талантсыздар журфакка ақшасын төлеп түсе беретін болған. Ертең эфирден көрініп, жұлдыз болғылары келеді. Мақсаттары сол ғана. Сөздің, сөйлемінің дұрыс жазылмағанын, құрастырылмағанын, орынсыз қолданып отырғанын айтсаң, жаман атты боласың. Сын көтермейді. «Жұлдыздарға» сын айтуды қоя бастадық. Сыни сөзді ұқпайды. Өздерінікі ғана дұрыс. Өйткені олар «жұлдыз» ғой! Соңғы кездері мына нәрсені түсіндім. Сыни ескертпені айтқанмен оны түсінер, сөзді ұғар өре, ақыл болуы керек қой? Ал ол жоқ болса, сөзің далаға кеткені. Жаңғырық қана шығатын жартас. Қолды бір сілтейтін болдық.

Екінші бір мәселе бар. «Тәуелсіз журналист» деген. Қазақстанда тәуелсіз ешкім жоқ. Бірі мемлекеттің саясатын үгіттеуші һәм насихаттаушы, екіншісі тапсырыс берушінің айтқанын орындаушы ғана. Тәуелсіз болу үшін жұмыссыз болуың керек. Жұмысқа кірсең, басыбайлысың. Жеке пікіріңді айтар тәуелсіз болғыңыз келсе, отбасыңызды асырайтын байлық қорын жинап алыңыз. Украинадағы Дмитрий Гордонды тәуелсіз дер едім. Ешкімге жалтақтамайды.

Ақпаратты тарату мен оған елді иландыру жағынан қазір журналистерді блогерлер басып озды. Бірақ сол блогерлер де жоғарыда айтқанымдай сөзіне жауап бере алмайды. 42 әріптің орнын ауыстырып жаза салады. Болды. Олардың көбі сауатсыз. Айқай, жанжал, ұрыс-керіспен ғана атын шығарып жүр.

Ет бұзылса, тұз себеді. Тұз бұзылса ештеңе істей алмайсыз. Яки халықтың санасын төмендететін де, көтеретін де журналистер мен блогерлер. Ал менің ешқайсысына да көңілім толмайды. Өзім де ортанқол журналиспін. Ортанқолдың өзінің көңілі толмай отырса, не деуге болады?!

Иә, мықты, білімді журналистер мен блогерлер бар. Бірақ олар ащы теңізге тамған тұщы тамшы ғана. Олар да ашып кетеді әлі. Айтқанымды толық түсінгіңіз келсе, Абайдың «Масғұт» дастанын оқыңыз. Журналистерден жауапкершілік күтіп жүрген Сіз де қызық екенсіз...


Қуат Әуесбай, «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы:

«Журналистика өнер ме, ғылым ба» деген сауал алдымыздан жиі шығады. Біздіңше, журналистика – өнерді де, ғылымды да қамтитын, қоғамдағы сан түрлі саланың жиынтығы. Жанкештілердің, нағыз мамандыққа адалдық таныта білетін табандылардың ісі. Иә, журналистика таңғы сағат 9-дан, кешкі 6-7-ге дейін ғана атқарып қоятын жұмыс емес, ол – жыл он екі ай, тәулік бойы, күн демей, түн демей үздіксіз жалғаса беретін қайнаған өмір. Біз сол қайнаған өмірдің, қым-қуыт майданның жауынгеріміз.

Дүние көз алдымызда жылдам өзгеріп, ақпарат технологиялары тез дамып жатқан тұста бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы да арта түсетіні анық. Мәртебелі мамандық – журналистиканың да бәсі биіктей беретіні сөзсіз. Жауапкершілік жүгі ауырлап, талап та күшейе бермек. Жаңа заман журналистикасының атқаратын миссиясы да күрделі. Әдетте, қоғамның дамуын немесе кері кетуін журналистиканың дамуымен байланыстырып жататыны бекер емес. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген сөз осыдан табаны күректей бір ғасыр бұрын айтылғанымен, күні бүгінге дейін өміршеңдігін жоймай келеді. Қазір де қазақ журналистері кешегі Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып ел игілігі, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ендеше, осы жолда барлық әріптестеріме мықты денсаулық, қажымас, талмас қажыр-қайрат берсін!

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Аман болайық!


Ербол Азанбек, банктің баспасөз хатшысы:

Журналистердің еңбегі бағаланатын, шабыттандыратын атаулы күннің болғаны өте жақсы. Алайда бұл күні дәстүрі әрекеттермен қатар бір жылды қорытындылап, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, алдағы уақытқа жоспар құратын, «өшіріп, қайта жүктейтін» [перезагрузка] шаралар болса. Журналистер одағы және медиа саласындағы басқа да қоғамдық ұйымдар, құзырлы министрлік осыны қолға алса. Өйткені журналистикада талқылайтын тақырып, шешетін мәселе көп. Интернет журналистикаға да өзгеріс әкелді. Өкінішке қарай біздің журналистикада интернеттің мүмкіндіктерін, құралдарын толық пайдалана алып отырған жоқпыз. БАҚ бизнес көзіне айналған жоқ. Өздігінен табыс табуы қиын. Оның ар жағында журналистің материалдық мәселесі шығады. Маман дайындауда уақыт талабына ілесе алмай жатқандай көрінеміз. Жаңа медиа менеджерлері, жарнама менеджерлері, жоба менеджерлері, салаларға маманданған, мысалы: тек жарнамалық материалдарға, қаржы, бизнес тақырыбын жазатын журналистер керек. Өткенде министріміз салалық журналистиканы дамыту керек деді. Оны естіп қуанып қалдық. Мультимедианы қолдану көбіне сөз болып қалды. Жекеменшік БАҚ-ты, әсіресе қазақ тілді жобаларды дамыту мәселесі өзекті. Аймақтық БАҚ-тың мәселесі де жетеді. Авторлық құқық ең төменгі деңгейде қалып отыр. Интернет журналистика дәстүрлі журналистиканы алға сүйрейтін күшке ие, бірақ қазір артқа тартатын тұсы басым. Өйткені этика, стандарт, авторлық құқықтың сақталмауы, сапасыз контентті көбіне интернет жобалардан байқаймыз. Оқырман талабы сайттарға контентті әлеуметтік желідегі жазба деңгейіне дейін түсуге мәжбүрлеп отыр. Ақпараттық сауат мәселесі де өзекті. Қысқасы медиа нарықта мәселе көп. Алайда соған қарамастан қазақстандық журналистикада өзгеріс, жаңалық көп, даму бар. Ол ісіне адал, кәсіби әріптестердің арқасы. Журналистер күні құтты болсын!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT