Журналист өлімі: Прокурор мүрдеге эксгумация жасауды сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы кісі қолынан қаза тапқан Ирина Бекетованың мүрдесіне эксгумация жасау қажет. Бүгін Астана қалалық Сарыарқа сотында өткен сот тыңдалымы барысында прокурор Қазыбек Хашиев осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бүгінгі сот отырысы барысында куәгер Атешаұлы мен Омаров қайғылы оқиғаның қалай орын алғандығын айтып берген болатын.
Атешаұлы күдікті А.Гусейновтің Ирина Бекетованы үйінің кіреберісінде оң жақ бетінен ұрып жібергенін, алайда жәбірленушінің баспалдақтан төмен қарай құлап түскенін көрмегендігін айтты. Бірақ, қаза тапқан И.Бекетованың шүйде тұсында жарақат іздері болған. Ал сот-медициналық сараптама деректерінде мұндай жарақаттың болғандығы көрсетілмеген. Осы жайтқа орай прокурор Қазыбек Хашиев сот-медициналық зерттеу жүргізу үшін Ирина Бекетованың мүрдесіне эксгумация жүргізу қажеттігін айтты.

Бірақ, қаза тапқан Ирина Бекетованың ағасы Берік діни көзқарасына байланысты мұндай зерттеу жұмысына қарсы екендігін жеткізді.

Еске салайық, тілші Ирина Бекетованың өліміне азаматтық некедегі күйеуі 34 жастағы Анатолий Гусейновті күдікті ретінде таныды.

Олардың ортақ некеден екі баласы бар.

ІІМ-нің мәліметінше, А.Гусейнов журналист келіншекті үйдің кіреберісінде өзге ер адаммен тұрғанын көрген. Бекетова мен Гусейнов арасында ұрыс-керіс басталған. Келіншектің танысы ол жерден кетіп бара жатып, әйелдің соққыға жығылып жатқанын естіген. Қайта айналып, жоғары көтерілгенде ес-түссіз жатқан әйелді көріп, жедел жәрдем шақырған. Бұл уақытта Гусейнов белгісіз бағытқа бой тасалаған.

Соңғы жаңалықтар