Жүрмей қалған пойыз жолаушыларына билет құны толық қайтарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кесте бойынша жүрмей қалған пойыздардың жолаушыларына билет құны толық қайтарылады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кесте бойынша жүрмей қалған пойыздардың жолаушыларына билеттің толық құны қайтарылып жатыр. Бүгін таңертең 24 млн 488 мың теңге сомасындағы 5321 билет қайтарылды. Сонымен қатар интернеттің болмауынан бұл бағытта жұмыстарда біршама қиындық туындап отыр. Билетті қайтару тек «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның кассаларында жүріп жатыр», - деді Қанат Әлмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жолаушылар 6 ай мерзімде осы билеттер бойынша «Жолаушылар тасымалы» кассаларында, электронды жүйелерде ақшаны қайтарып ала алады.

«Сондықтан интернеттің қосылмауын ескере отырып, бұл билеттерді қайтаруға асықпауға кеңес береміз. Айта кетейік, қазіргі уақытта билеттерді сатып алуды тек қолма-қол ақша арқылы жүргізіп жатырмыз», - деді Қанат Әлмағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қанат Әлмағамбетов еліміздің аумағындағы пойыздар қозғалысына түсініктеме берді. ҚТЖ жедел штабы Көлік комитетінің келісімімен 25 жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылып, 13 пойыз қосындарға қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар