Жүректің ишемиялық ауруына темекі шегетіндер жиі шалдығады- кардиолог

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Үдербаева ҚазАқпарат тілшісіне жүректің ишемиялық ауруының даму факторлары мен симптомдары туралы айтып берді.

Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың-жүрек бұлшықеттерінің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі. Оған әртүрлі дәрежедегі коронарлық артериялардың атеросклерозы себеп болады.

Кардиолог дәрігердің айтуынша, жүректің ишемиялық ауруының дамуында холестерин деңгейінің жоғарылауы секілді факторлар орын алып, атеросклероздың дамуына әсер етеді және жүректің ишемиялық ауруының болу қаупін 2-5 есеге арттырады.

«Артериялық қан қысымының жоғарылауы жүректің ишемиялық ауруының даму ықтималдығын 2-6 есеге арттырады. Ал, темекі шегу 1,5-6 есеге жоғарлатады. Гиподинамия мен семіздік —белсенді өмір сүретіндерге қарағанда дене қимылы аз адамдардың жүректің ишемиялық ауруына шалдығуы 3 есеге жоғары болады. Қант диабеті ишемиялық ауруға шалдығу қаупін 2-4 есеге арттырады»,-дейді Гүлнар Үдербаева.

Жүректің ишемиялық ауруы кезінде дұрыс тамақтану қажет.Тағамның құрамында ақуыз, майлар, көмірсу, микроэлементтер болған абзал. Холестерин, май мен тұзы аз өнімдерді пайдаланған жөн.

Сонымен қатар, дәргер ас мәзіріне ерекше назар аудару керектігін тілге тиек етті.

Атап айтсақ:

- теңіз тағамдары мен көксерке, нәлім, алабұғаны сияқты балық түрлерін;

- өсімдік майы қосылған кез келген көкөніс салаттарын;

- майсыз ет түрлері – күркетауық, жас сиыр, қоян еттерін;

- ашыған сүт өнімдері – майлылығы төмен айран, қаймақ, ірімшік, сонымен қатар кез келген қатты және жұмсақ тұзсыз және ащы емес ірімшіктер;

- кез келген жеміс-жидектер және олардан жасалған тағамдар;

- жұмыртқаның сарысы – аптасына кемінде 4 данадан аспауы тиіс, бөдене жұмыртқасы – аптасына кемінде 5 данадан артық емес;

- жарма және күріштен басқа, кез келген ботқа түрлерін қосуды ұсынады.

Кардиолог ет, балық, кондитер өнімдерін, қант, жарма мен күріштен жасалған тағамдар, ащы және тұздалған тағамдар, сондай-ақ шоколад, кофе, какаоны тұтынуды азайту керектігін айтты.

«Жүректің ишемиялық ауруында күніне 5-7 рет тамақтанған дұрыс. Жүрек жұмысы жағынан болатын аздаған өзгерістерге көңіл аударған жөн. Мысалы, әлсін-әлсін қол, жауырын немесе мойынға берілетін кеуде артында, кеуденің сол жақ жартысында пайда болатын ауырудың сезілуі, кеуденің қысуы мен ауаның жетіспеушілігі, жалпы әлсіздік, сондай-ақ кеуденің сыздап ауыруы, жүректің айнуы мен құсу бұл жүрек ауруының симптомдары»,-дейді кардиолог.


Соңғы жаңалықтар